

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА 3 ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК БЕКЕТІ АШЫЛДЫ.
Түркістан облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Ал Төлеби ауданында ұлттық жоба негізінде 5 медициналық нысан салу жоспарланды.
Бүгін Төлеби ауданы, Жаңажол ауылында, Диханкөл және Зертас ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау нысандарының ашылу салтанатына арнайы келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев аудан халқын қуанышымен құттықтап, бұл нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік берілгенін айтты.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жаңа ФАП-тар білікті кадрлармен ғана емес, сонымен қатар заманауи медициналық құралдармен жабдықталғанын айтып, жаңа медициналық нысандар елге көмек көрсетуге толығымен дайын екендігін жеткізді.
Айта кетерлігі, ауданда 2 аурухана, 5 дәрігерлік емхана, 5 бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы, Ленгір қалалық емханасы, қалалық тіс емханасы сонымен бірге, 51 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді.