

Біз жас ұрпаққа мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді, қадірлеуді үйрету – басты міндетіміз деп білеміз.Бүгін – халқымыз үшін аса қастерлі, елдігіміздің белгісі, тәуелсіздігіміздің тұмары саналатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні! Бұл күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятатын, елге деген сүйіспеншілігін арттыратын ерекше мереке.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің, тұтастығы мен бірлігінің айғағы. Олар – халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтары мен арман-мұраттарын бейнелейді. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – біздің елдің өткені мен бүгіні, болашағын баяндайтын ерекше нышандар.
1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран – ресми түрде бекітілді. Содан бері бұл күн Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтуде. Бұл мереке жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, елге, жерге деген құрметті арттырады.
Біздің көк байрағымыз – бейбітшілік пен ашық аспанның белгісі, қыран құс – еркіндік пен биік мақсаттың нышаны, күн мен шұғылалы сәулелері – өмір мен молшылықтың, өсіп-өркендеудің белгісі. Елтаңбамызда бейнеленген шаңырақ – халқымыздың бірлігі мен отбасы құндылықтарының символы болса, қос пырақ – еркіндікке ұмтылған ел арманы. Ал жүрекке жылу сыйлар Әнұранымыз – әрбір азаматтың бойындағы рухты оятып, елге, жерге деген мақтаныш сезімді күшейтеді.
Мемлекеттік рәміздер – тек сурет немесе ән емес, олар – халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Сондықтан бұл күн – тек мереке ғана емес, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің бағасын терең сезінетін күн. Әр азамат мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, оны қорғап, қадірлей білуі тиіс.
Мемлекеттік рәміздер күнінде еліміздің барлық өңірлерінде салтанатты жиындар, патриоттық шаралар, әнұран шырқалатын кештер ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар ұрпақты ел тарихын тануға, рәміздердің мәні мен мазмұнын терең ұғынуға жетелейді.
Осы мерекелі күні барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан Туымыз биікте желбіреп, Елтаңбамыз төрімізде тұрып, Әнұранымыз асқақтай берсін!
Тәуелсіз еліміздің нышандары – ұлт рухының көрінісі!
