
Әр адамның өмірінде ерекше орын алатын, жүрек түкпірінде мәңгі сақталатын жан – алғашқы ұстаз. Ол бізге әліппені танытып, өмірдің алғашқы сабақтарын үйреткен, мейірімділік пен ізгіліктің нұрын сепкен ардақты жан. Алғашқы ұстаз – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар бала жүрегіне жол таба білген тәрбиеші, ақылшы, екінші анамыздай ыстық жан.
Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, бізге әр әріпті таныстырып, санды үйретіп, дүниетанымымызды кеңейтті. Ұстазымыздың жылы жүзі, сабырлы үні, әр балаға деген ерекше ықыласы бізді білімге, ізденіске жетеледі. Кейде қате жасап, тапсырманы орындамай қалсақ та, ұстазымыз ешқашан ұрыспай, сабырмен түсіндіріп, әрдайым қолдау көрсететін. Осындай қамқорлық пен мейірімділік – шынайы ұстазға тән қасиет.
Алғашқы ұстаз – баланың болашағына жол сілтейтін шырақшы іспеттес. Ол берген білім мен тәрбие өмір бойы адаммен бірге жүреді. Ұстаздан алған тәлімнің арқасында біз өзімізге сенімді, тәртіпті, жауапкершілігі мол тұлға болып қалыптасамыз.
Қайда жүрсек те, қандай биікке жетсек те, алғашқы ұстазға деген алғысымыз шексіз. Себебі олар біздің бойымызға ең алғаш адамгершілікті, еңбекқорлықты, адалдықты сіңірген. Сондықтан да алғашқы ұстаз есімі – жүректегі мәңгілік естелік.
Бұл кеш балалардың жүрегінде ұмытылмас естелік болып сақталары анық. Түлектерімізге келешекте тек қана сәттілік тілейміз. Орта буында да білім жолында жарқырай беріңдер!
