
Міне, мектеп өмірінің тағы бір кезеңі артта қалып, түлектер үшін жаңа өмір белесі басталды. Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Мұхтар Әуезов атындағы гимназия мектебінде 2024-2025 оқу жылын 17 түлек табысты аяқтап, 11-сыныпты жақсы бағамен тәмамдады. Осыған орай, білім ордасында мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты «Мектеппен қоштасу» кеші ұйымдастырылды.
Мектептің мәжіліс залында өткен бұл әсерлі шараға түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздар қауымы, мектеп әкімшілігі және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көркем безендірілген сахна, көңілді музыка мен әсерлі сәттер кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді. Ол 11 жыл бойы білім мен тәрбие алып, үлгілі оқушылық жолдан өткен шәкірттерді мақтан тұтатынын айтып, болашақ жолдарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, үздік оқушылар мен белсенді түлектерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Мектеп түлектері де өз кезектерінде ұстаздарына, ата-аналарына алғыс айтып, жүрекжарды өлеңдер оқып, әсерлі видеороликтер арқылы балалық шақтың шуақты сәттерін еске алды. Мұғалімдер мен сынып жетекшілеріне арналған арнаулар мен көріністер көрермендердің көңілін босатып, көзге жас үйіртті.
Кеш барысында әндер шырқалып, би биленіп, естен кетпес сәттерге толы әсерлі естеліктер айтылды. Әсіресе, «Соңғы вальс» биі – мектеппен қоштасудың символына айналып, кештің ерекше тұсы болды. Түлектер өздерінің армандары мен мақсаттарын айтып, болашақта елге қызмет ететін азамат болуға уәде етті.
Мектеп ұжымы атынан ата-аналарға да ерекше алғыс айтылды. Себебі олардың қолдауы мен сенімі балалардың жетістікке жетуіне үлкен ықпал етті. Ал ата-аналар өз кезегінде мектеп ұжымына көрсеткен еңбегі үшін ризашылықтарын білдірді.
Бұл күн – әрбір түлек үшін өміріндегі ең есте қаларлық, толқынысқа толы, жүрекке жақын күндердің бірі болды. Мектеппен қоштасу – балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу. Ал Мұхтар Әуезов атындағы гимназия мектебін бітірген 17 жас түлекке өмір жолы жарқын болсын деп тілейміз!
Олардың жүрегінде мектептің ізі мәңгі сақталары анық.
