
Кентауда жалпы білім беретін мектептерде «МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫ: АДАЛ ӘРІ ЖАУАПТЫ АЗАМАТТЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ» тақырыбындағы МЕКТЕП АТА-АНАЛАР КОМИТЕТІНІҢ І ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Кентау қаласы білім бөліміне қарасты 23 жалпы білім беретін мектептерде ағымдағы жылдың 15-19 қыркүйек аралықта «Мектеп пен отбасы : адал әрі жауапты азаматты тәрбиелеудегі өзара ынтымақтастық» тақырыбында мектептің ата-аналар комитетінің І отырысы өтті. Аталған отырысқа мүдделі орган өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
1. Мектеп пен ата-аналар комитетінің ынтымақтастығын арттырудың жолдары туралы.
2. Мектеп ата-аналар комитетінің қызметін үйлестірудің ерекшеліктері туралы.
3. Мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы мен алқасын сайлау туралы.
Жаңа оқу жылындағы «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – әділетті, жауапкершілікті, еңбекқор және отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің негізі болып табылады. Баланың адал азамат болып өсуі үшін мектеппен бірге отбасы мен қоғамның белсенді қатысуы қажет, өйткені бала – тек отбасының ғана емес, мемлекетіміздің болашағы.
Мектептің тәрбиесі тиімді болуы үшін отбасы мен мектептің талаптары бірлікте болуы қажет; бала үйде де, мектепте де бірыңғай талап көрсе, саналы әрі тәртіпті тұлға болып қалыптасады. Ата-аналар комитетін трансформациялау. Биылдан бастап комитет жұмысы трансформацияланып, ата-аналар тек көмекші емес, мектеп өмірінің белсенді бастамашысына айналады.
Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы мен «Даналық мектебі» клубы ай сайын бала тәрбиесіне арналған сабақтар, тренингтер мен кеңестер ұйымдастырып, ата аналарды белсенді қатысуға шақырады. Баланың өмірлік қауіпсіздігі – ата-ана мен мектептің ортақ жауапкершілігі болып табылады, сондықтан мектеп апта сайын «Қауіпсіздік сабағын» өткізсе, үйде де балаға сақтық ережелері үнемі түсіндіріліп отыруы қажет.
Бала тәрбиесі — ортақ міндет, сондықтан ата-аналар комитеті мен мүшелерінің белсенділігі қазіргі заман талабына сай болуы қажет. Ата-аналар комитеті мектеп пен отбасының тәрбиелік бірлігін қамтамасыз етіп, білім сапасын арттыру мен балалардың қауіпсіздігіне жауап береді; жоспарлы жиналыстар мен кездесулер бұл ынтымақтастықты нығайтады.
Соңғы бес жыл ішінде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін ата-анаға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері 3,5 есеге артқан. Бұл отбасындағы бақылаудың әлсірегенін және ата-аналық міндеттердің толық орындалмай жатқанын аңғартады.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449- бабына сәйкес, 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін кәмелетке толмаған балаға ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз көшеде немесе қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады.
Материалдық көрсеткіштер мен сән-салтанатқа мән беру балалардың қарапайымдылық пен құндылықтарды түсінуіне кедергі келтіреді, сондықтан ата-аналар тек тәрбиеге үлгі болуы керек.
Мектепте ақша жинауға жол берілмейді, ал ата-аналар ысырапшылдыққа жол бермеуі тиіс. Мектеп бітіру кештері мен балаларға арналған мерекелерден кейінгі қымбат отырыстар ұйымдастыруға рұқсат жоқ, ата-аналар комитеті осы мәселелердің алдын алу үшін белсенді әрекет етуі қажет.
Құрметті ата-аналар, баланың мінез-құлқы мен әдеттерін ерте кезеңнен қалыптастыру қажет. Балалардың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған жағдайда олар жағымсыз әрекеттерге бейім болуы мүмкін, сондықтан оны тиімді жоспарлау маңызды. Әлеуметтік желідегі мектеп туралы теріс пікірлер мектеп пен ата-ана арасындағы сенімді әлсіретуі мүмкін, сондықтан позитивті көзқарасты насихаттау қажет. Жас ата-аналар мектепке сын көзбен емес, мектеппен әріптестік тұрғысынан қарым-қатынас жасауы тиіс.
Бірлескен әрекет мектепте достық пен сыйластық атмосферасын қалыптастырып, әр баланың болашағына негіз қалайды.
