Түркістан облысы бойынша 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай «Дені саудың — жаны сау» атты тақырыпта ардагерлерді дәрігерлік тексеру мақсатында Отырар аудандық емханасының дәрігер мамандары «Белсенді ұзақ өмір » орталығындағы қарттарға медициналық тексеру жүргізіп, қажетті қызметтер көрсетті.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарттарын ерекше құрметтеген халық. «Қарт бар үйдің – қазынасы бар» немесе «Қарт бар үйдің – берекесі бар» деген мақалдар соның дәлелі. Бұл сөздер бекер айтылмаған, себебі қария – өмірдің айнасы, өткеннің шежіресі, ұрпаққа өнеге мен тәлім беретін тұлға. Қариясы бар ел – тарихы мен дәстүрі үзілмеген ел, ал қариясын қадірлеген қоғам – рухани тұрғыдан бай қоғам.
Қарт адамдардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – жастар үшін баға жетпес мұра. Олар көрген-білгенін, бастан кешкен қиындықтары мен қуаныштарын кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Әр қазақ отбасында ата мен әженің орны ерекше болған. Ата немересіне батасын беріп, әже ертегі айтып, салт-дәстүрдің мәнін түсіндірген. Сол арқылы жас буын үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, ел мен жердің қадірін білуді үйренген.
Қарт адамдар – отбасының берекесін ұстайтын алтын діңгек. Олар отбасының рухани тірегі, ынтымақ пен татулықтың бастауы. Үлкендердің бар үйінде ұрыс-керіс сирек болады, себебі олардың сөзі – тоқтау, олардың батасы – береке. Ата-әжесі бар үйде балалар әдепті, инабатты, мейірімді болып өседі. Өйткені олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін күнделікті өмірде көріп өседі.
Қарттардың тағы бір қасиеті – сабырлылық пен даналық. Олар өмірдің талай сынағынан өткен, сондықтан әр іске байыппен қарап, әр адамның қателігін түсініп, кешіріммен қарай біледі. Мұндай мінез – жастарға үлгі. Қазіргі заманда көп адам асығыстық пен күйзеліске бейім болып бара жатқанда, қарияның сабыры мен парасаты өмір мектебі іспетті.
Қоғам үшін де қарияның орны ерекше. Ел арасында беделді ақсақалдар елдің бірлігін, ауылдың тыныштығын сақтап отырған. Олар дау-жанжалды ақылмен шешіп, елді татуластырып отырған. Қазақ қоғамында билер мен ақсақалдардың кеңесі – әділдік пен парасаттың белгісі болған. Сол дәстүр бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Қазір де ауылдың үлкендері жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырады.
Қарттар – өткен мен болашақты жалғаушы алтын көпір. Егер біз үлкендерімізді сыйласақ, ертең өзіміз де сондай құрметке бөленеміз. Қазақта «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағида бар. Бұл қағида қарттарды ардақтау мәдениетінің негізі. Қарттарға құрмет көрсету – тек әдеп пен дәстүр ғана емес, рухани борыш. Себебі олар – ұлттың шежіресі, ұлттың ар-намысы.
Бүгінде жаһандану дәуірінде кейбір жастар қарияларды ескінің қалдығы ретінде көруі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, үлкендердің өмір тәжірибесін елемеу – ұлттың тамырынан айырылу. Тарихын, ата-бабасын ұмытқан халықтың болашағы бұлдыр. Сондықтан әр отбасы қарттарын қадірлеп, олардың еңбегін бағалауы қажет.
Қорытындылай келе, қарт – үйдің, елдің, қоғамның берекесі. Қариясы бар үйде жылылық, мейірім, парасат, сабыр, бірлік бар. Сол себепті біз қарттарымызды қадірлеуді ұмытпай, олардың амандығын тілеп, өмірлік тәжірибесінен үйренуіміз керек. Себебі «Қарт бар үйдің – берекесі бар» деген сөз – халқымыздың өмірлік ұстанымы, рухани мұрасы, мәңгілік ақиқат.
