Мамандар ата-аналарға балалардың денсаулығына ерекше мән беріп, шағымдар пайда болған жағдайда уақтылы дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін ескертеді.Эхинококк — бұл адам мен жануарлар ағзасында паразиттік өмір сүретін таспа құрттардың бір түрі. Аурудың қоздырғышы — Echinococcus granulosus немесе Echinococcus multilocularis деп аталатын гельминттер. Эхинококкоз — адам мен жануарлардың аса қауіпті паразиттік ауруларының бірі, ол көбінесе бауыр мен өкпеде көпіршік (киста) түрінде дамиды.
Бұл ауру зооноздық сипатқа ие, яғни адамға үй жануарларынан (ит, мысық) немесе жабайы аңдардан (қасқыр, түлкі) жұғады. Иттер эхинококк жұмыртқаларының негізгі тасымалдаушылары болып табылады. Олардың ішегінде паразиттің ересек түрі өмір сүріп, нәжіспен бірге сыртқы ортаға жұмыртқалар тарайды. Сол жұмыртқалар топыраққа, шөпке, суға түседі, ал адам немесе мал оларды кездейсоқ жұтқанда, ауру жұғады.
Адам ағзасына түскен эхинококк жұмыртқалары ішекте жарылып, оның дернәсілдері қан арқылы бауырға, өкпеге және басқа мүшелерге өтеді. Сол жерде олар көпіршік тәрізді киста түзіп, біртіндеп өседі. Киста үлкейген сайын ағза мүшелерінің қызметін бұзады. Бауырда орналасса – ауырсыну, жүрек айну, іштің кебуі, сарғаю белгілері байқалады. Өкпеде болса – жөтел, ентігу, кеуде ауыруы болады.
Эхинококкоздың негізгі қауіптілігі – аурудың ұзақ уақыт бойы белгілерсіз өтуінде. Киста жарылып кетсе, паразиттің сұйықтығы ағзаға тарап, ауыр аллергиялық реакциялар мен тіпті анафилактикалық шок тудыруы мүмкін. Диагностикасы ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), компьютерлік томография, серологиялық тесттер арқылы жүргізіледі.
Емдеу әдісі — хирургиялық жолмен кистаны алып тастау. Кей жағдайларда паразитке қарсы дәрілер (альбендазол, мебендазол) қолданылады. Алдын алу шараларына иттерді жүйелі дегельминтизациялау, ет және ішкі ағзаларды ветеринарлық тексерістен өткізу, шикі етпен итті тамақтандырмау, жеке гигиенаны сақтау (қолды сабындап жуу, көкөніс пен жемістерді таза жуу) жатады.
Эхинококкоз — емделмесе өмірге қауіпті ауру. Сондықтан оның алдын алу және ерте анықтау адам денсаулығы үшін аса маңызды.

