
АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТАҒАЙЫНДАУ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселелері бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында 2025 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстардың есебі мен көрсеткіштері таныстырылып, негізгі мәліметтер ортаға салынды. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар саны 7 581 адамды құрады. Бұл – қала халқының жалпы санының 3,1 пайызын, яғни 241 222 адамды құрайды.
Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 58 пайызға төмендеген. Бұл әлеуметтік көмекті шынайы мұқтаж жандарға бағыттау жұмыстарының нәтижесі екенін көрсетеді.
2025 жылдың үшінші тоқсанында АӘК алу бойынша 1 387 өтініш қабылданып, оның 626-сына әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал 761 өтінішке белгіленген тәртіпке сәйкес негізсіздігіне байланысты бас тартылған.
Комиссия отырысында учаскелік комиссиялар жұмысының маңыздылығы атап өтіліп, әрбір өтініш беруші отбасының нақты тұрмыстық жағдайына терең талдау жасау, шынайы мұқтаждық деңгейін анықтау қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар, көмекті әділ, ашық және тиімді тағайындау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі екені ескертілді.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – бұл мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жеке тұлғаларға көрсетілетін мақсатты қаржылай көмек. Оның басты мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, кедейшілікті азайту және азаматтардың негізгі өмір сүру қажеттіліктерін қамтамасыз ету. АӘК нақты әлеуметтік топтарға бағытталады: көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, табысы төмен жұмыссыздар және тұрмыстық қиындыққа тап болған адамдар. Көмек мөлшері әр отбасының немесе жеке тұлғаның табысына, құрамына және әлеуметтік мәртебесіне байланысты есептеледі. АӘК алу үшін азаматтар жергілікті әкімдіктерге өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Мемлекет тарапынан берілетін көмек тұрақты емес, ол әрбір жағдай бойынша қайта қаралып, әлеуметтік жағдай өзгергенде өзгертілуі мүмкін. Сонымен қатар, АӘК экономикалық белсенділікті арттыру, адамдарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларына тарту мақсатында да беріледі. Яғни, бұл тек ақша төлеу емес, халықтың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға бағытталған кешенді шара болып табылады. АӘК қоғамдағы теңсіздікті азайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл көмек көптеген адамдар үшін өмірлік маңызды қолдау болып табылады.
