САУРАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҒИПТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Бұл күн ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету, олардың құқықтарын қорғау және қоғамда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында атап өтіледі. Бұл күннің тарихы 1745 жылы дәл осы күні француз педагогі Валентин Гаюидің туғанымен байланысты. Ол зағип жандардың білім алуына мүмкіндік берген алғашқы мектепті ашып, ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсетудің негізін қалаған тұлға.
2024 жылы Халықаралық зағиптар күніне орай Қазақстанның түрлі өңірлерінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Көрмелер, концерттер, спорттық жарыстар және әлеуметтік жобалар арқылы қоғамның ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға назарын аудару мақсаты қойылды.
Астанада өткен басты шарада қоғам қайраткерлері мен зағип жандарға арналған ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, зағип азаматтардың қолөнер және өнер туындыларының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл күн – тек еске алу ғана емес, қоғамның барлық мүшелері үшін тең мүмкіндіктер жасауға ұмтылудың айқын белгісі. Халықаралық зағиптар күні әрбір адамға қолдау мен түсіністік қажет екенін еске салады.
Аудан әкімінің кеңесшісі М.Жумадуллаев, «Қазақ соқырлар қоғамы » қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Әйтек Зәуре, Сауран ауданы бойынша өкілі Гүлбану Исабекованың қатысуымен Халықаралық зағиптар күні аталып өтті. «Жанарыммен емес, жан жүрегіммен сеземін» деп аталатын шарада аудандағы зағип жандарға құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлықтар табысталды.
Жанарынан айырылған. Бұл сөзді есту қандай ауыр болса, осы бейнетпен күн кешу одан да қиын. Десе де, тағдырдың тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, қоғамдағы өз орындарын орнықты көрсете білген жандар қашан да құрметке лайық,-деген аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы, қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген жандарға алғысын білдірді.
Мерекелік шарада сөз алған аудандық Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Айнұр Серікбайқызы зағип жандарды қоғамға бейімдеу мақсатында көптеген іс-шараларды өткізіліп жатқандығын атап өтті.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.