



«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» АУМАҒЫН СУМЕН ҚАМТИТЫН СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су нысандарын реттеу, тиімді пайдалану тапсырмасын бергені белгілі.Президент су нысандарының жағдайын жақсарту, оларды тиімді пайдалану және сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Су ресурстарының тапшылығы мен климаттық өзгерістердің салдарына қарсы күрес маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді.Президент: «Су — ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі. Су ресурстарын қорғау және оларды ұтымды пайдалану – әрбіріміздің міндетіміз. Судың ысырап болуына жол бермеу, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте суды тиімді пайдалану жолдарын дамытуымыз қажет», — деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ирригациялық жүйелерді жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және трансшекаралық су ресурстарын басқаруда серіктестік орнату мәселелеріне назар аударды. Бұл шаралар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Су ресурстарының тиімді пайдаланылуы еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызды рөл атқаратынын айта келе, Президент тиісті органдарға нақты жоспарлар әзірлеуді тапсырды.
Сол тапсырмалар аясында Түркістан өңірінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су қоймасын қалпына келтіру бағытындағы құрылыс жұмыстарын бақылады. Бүгінде тоғанның жері тегістеліп, жан-жағын биіктету, бөгеу жұмыстары атқарылуда. Өңір басшысы жауапты басшыларға жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды.
Жаңа әуежайдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан су қоймасының сыйымдылығы – 1,3 млн м³. Қайта реконструкциялау арқылы су сыйымдылығын ұлғайту көзделіп отыр.
Ескі тоғанды реконструкциялау жұмыстарына «Тұран су» мекемесі тартылған. Су қоймасы толық қуаттылықта іске қосылған соң жиналған су 22 шақырым қашықтықтағы, яғни, жаңа әуежай жолының екі жағындағы ағаш көшеттерін вегетациялық кезеңде суғаруға толық мүмкіндік береді.