«Әке – асқар тау, бала – ағын су» атты тәрбие сағаты
Бастауыш сынып оқушыларының бойында отбасына, әкеге деген сүйіспеншілікті, құрмет пен жауапкершілікті арттыру мақсатында мектебімізде «Әке – асқар тау, бала – ағын су» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Бұл іс-шара оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, отбасындағы әкенің рөлін түсінуге бағытталды.
Тәрбие сағаты барысында оқушылар әке туралы мақал-мәтелдер айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Әкеге арналған өлеңдер оқылып, шағын сахналық көріністер қойылды. Бұл арқылы балалар өздерінің әкелеріне деген сүйіспеншілігін, ризашылығын жеткізуге тырысты. Шара барысында «Әкем — менің тірегім» атты сурет көрмесі ұйымдастырылып, балалар өз қиялындағы асқар таудай әке бейнесін қағаз бетіне түсірді.
Мұғалім балалармен бірге әке мен баланың қарым-қатынасы туралы әңгімелесті. Әкенің отбасы тірегі ретіндегі орны, оның қамқорлығы, еңбегі, жауапкершілігі жайлы мысалдар келтірілді. Балалар әкеге алғыс айту, оған көмектесу, құрмет көрсету – әрбір баланың парызы екенін түсінді.
Тәрбие сағаты балалардың жүрегінен ерекше орын алды. Шара соңында оқушылар өз әкелеріне арнап ашықхат жасап, оны сыйға тартты. Мұндай игі іс-шаралар баланың отбасына, әсіресе әкеге деген сүйіспеншілігін арттырып, тұлғалық дамуына оң әсер етеді.



