15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Қазақстан бойынша барлық білім беру ұйымдарында «Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтар: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында жаңа форматтағы жалпы ұлттық ата-аналар жиналысы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру және ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, бала тәрбиесінде туындайтын өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдарын қарастыру болды.
Жиналысқа ата-аналармен қатар, ұстаздар, мектеп басшылары, психологтар мен қоғам белсенділері де қатысты. Жиын барысында қазіргі таңда отбасы тәрбиесінде кездесетін басты қиындықтар, бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас орнату, әлеуметтік желілердің ықпалы, жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселелері және ұлттық тәрбиенің маңыздылығы сияқты тақырыптар кеңінен қозғалды.
Сонымен қатар, жиналыс интерактивті түрде өтіп, ата-аналар өз пікірлерін ашық айтып, тәжірибе алмасты. Психолог мамандар бала тәрбиесінде кездесетін түрлі жағдайларға байланысты нақты кеңестер беріп, ата-аналарға пайдалы ақпараттармен бөлісті. Жиналыс қорытындысында отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және мектеппен тығыз байланыста болу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.
Мұндай форматтағы жиналыстар ата-аналар мен мектеп арасындағы серіктестікті нығайтып, ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беретіні сөзсіз.

