2025 жылдың 23 мамыр күні «Құмтүйін» жббм КММ-де «Мектебім саған мың алғыс» атты мектеп бітірушілерге арналған салтанатты жиын өтті. Бұл шара – түлектердің алтын ұя мектебіне деген ризашылығын білдіретін, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтуымен ерекшеленетін мазмұнды мереке.
Жиын барысында мектеп директоры А.Шукирбаев құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар, озат оқушылар мен белсенді түлектерге арнайы марапаттар табысталды.
Шараға құрметті қонақтар ретінде мектептің негізін қалаған Құрманбайұлы Кенжетай ағай мен Түркістан облысының аға биі Егембердиев Таубай арнайы қатысып, ақ баталарын берді. Олардың қатысуы жиынның маңыздылығын арттырып, барша қауымға үлкен қуаныш сыйлады.
Жиын барысында аудандық және облыстық пәндік олимпиадаларға оқушыларды дайындаған ұстаздар, үздік сынып жетекші, үздік мұғалім және үздік әдістемелік бірлестік номинациялары бойынша марапатталып, педагогтердің еңбегі лайықты бағаланды.
Ұстаздар қауымы мен ата-аналар атынан жүрекжарды тілектер айтылып, түлектер өздерінің ұстаздарына өлең шумақтарын арнады.
Мерекелік жиын мектеп оқушыларының өнерпаздық нөмірлерімен, ән мен биден құралған концерттік бағдарламамен жалғасты. Бұл сәт – жас түлектер үшін есте қалатын ерекше күндердің бірі болды.
Салтанатты жиынға сондай-ақ мектепті 10 және 20 жыл бұрын бітірген түлектер де қатысып, ұстаздарына алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді. Олар өз естеліктерімен бөлісіп, жас түлектерге ақ жол тіледі.
Аталмыш шара – білім мен тәрбиенің алтын бесігі болған мектепке деген құрмет пен сүйіспеншілікті дәріптейтін маңызды дәстүрге айналған.Соңғы қоңырау – әрбір мектеп түлегі үшін ерекше әрі толғанысты сәт. Бұл күн – балалық шақпен, мектеп партасымен, ұстаздардың мейірімімен, достармен өткізген жарқын сәттермен қоштасатын күн. Он бір жыл бойы таңертең мектепке барып, сабақ оқып, білім алып, әртүрлі оқиғаларға куә болған шәкірт үшін бұл қоңырау жаңа өмірдің бастауын білдіреді.
Соңғы қоңырау салтанатында жүректер толқып, көздерге жас үйіріледі. Себебі артта қалған жылдар қайта оралмайды. Алдымызда жаңа өмір, үлкен арман, биік мақсаттар мен үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Әрбір түлек жүрегінде мектепке деген шексіз алғысын, ұстаздарына деген құрметін сақтайды.
Ұстаз – адам өміріндегі ең маңызды тұлғалардың бірі. Олар бізге тек білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар береді. Сол себепті соңғы қоңырау сәтінде түлектер ұстаздарына ерекше алғыс білдіреді. Мектеп – тек білім ордасы емес, ол тәрбие мен рухани байлықтың қайнар көзі.
Соңғы қоңырау – қоштасу емес, жаңа жолдың бастамасы. Бұл күні әрбір түлек болашаққа үлкен үмітпен, сеніммен қарайды. Алда ҰБТ, студенттік өмір, мамандық таңдау сияқты маңызды кезеңдер бар. Бірақ мектепте алған тәлім мен тәрбиенің ізі өмір бойы сақталады.
Соңғы қоңырау – өткен мен болашақты тоғыстыратын ерекше күн. Бұл күн – балалық шақтың соңғы беті, ересек өмірдің алғашқы парағы. Әрбір түлекке жарқын болашақ, биік армандар мен сәттілік тілейміз!