«Бақытты балалық шақ» тақырыбы аясында «Толағай» – батылдар мен белсенділер сайысы өткізілді!

«Алтын ұя» балабақшасында «Толағай – батылдар мен белсенділер» атты сайыс өткізілді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру, белсенді өмір салтын насихаттау және патриоттық тәрбие беру.
Сайысқа әр топтан алғыр, епті, шапшаң, батыл бүлдіршіндер қатысты. Балалар өз топтарының намысын қорғап, түрлі спорттық кезеңдерден өтіп, күш-жігерін, тапқырлығын, ұйымшылдығын көрсете білді. Сайыс кезеңдері қызықты әрі тартысты өтті. Әр кезеңде қатысушылар жылдамдықты, ептілікті, дәлдікті қажет ететін түрлі тапсырмаларды орындады. Балалар секіріп, жүгіріп, кедергілерден өтіп, бір-біріне қолдау білдіріп, достық пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараны ұйымдастыруға балабақша тәрбиешілері үлкен дайындықпен кірісіп, әр кезеңді баланың жас ерекшелігіне сай әзірледі. Ата-аналар да бұл сайысты ерекше қызығушылықпен тамашалап, балаларына жанкүйер болды. Олардың қошеметі балаларға ерекше рух пен күш-қуат берді. Бұл күн кішкентайлар үшін шынайы мерекеге айналды.
Сайыс соңында барлық қатысушылар мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Әділ қазылар алқасы қатысушылардың белсенділігіне, тәртіптілігіне және тапсырмаларды орындау шеберлігіне жоғары баға берді.
Мұндай шаралар балалардың тек физикалық дамуына ғана емес, рухани дамуына да зор ықпал етеді. Олар өз күшіне сенуді, командалық жұмысты, тәртіп пен мақсатқа жетудегі табандылықты үйренеді. «Толағай – батылдар мен белсенділер» сайысы бүлдіршіндердің жадында ұзақ уақыт сақталып, оларға қуаныш пен шаттық сыйлады.
«Алтын ұя» балабақшасының ұжымы алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні зор, қызықты іс-шараларды ұйымдастырып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауды жалғастыра бермек.
