
«Бір қоңырау – бір өмір: Диспетчердің дауысымен өмірге келген нәресте».
Жуырда ерекше жағдай орын алды: жедел медициналық жәрдем қызметінің диспетчері қоңырау шалған жүкті әйелге «Шақыртуды ұстап тұру» режимінде көмек көрсетіп, жүкті әйелді сәтті босандырып алды.
Жүкті әйелдің толғағы аяқ астынан басталып, жедел жәрдем жетіп үлгергенше босану үдерісі басталып кеткен. Жедел жәрдем станциясына 04.06.2025ж сағат 00:13 шамасында түскен қоңырауды тәжірибелі диспетчер А.Исаева қабылдаған. Жағдайды жедел бағалап, тыныштықты сақтай отырып, ол жүкті әйелдің туыстарына нақты әрі нұсқаулы кеңестер беріп отырған.
Болашақ анаға босану кезіндегі дем алу, итеру және нәрестені дұрыс қабылдау бойынша толық нұсқаулық берілген. Диспетчердің нақты әрі кәсіби іс-әрекетінің нәтижесінде әйел аман-есен дүниеге ұл бала әкеліп, жедел жәрдем келгенше ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты болды.
Жедел жәрдем қызметі келген соң ана мен нәресте медициналық тексерістен өтіп, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда екеуінің де жағдайы жақсы.
