
ЖАЗДЫ ҚУАНЫШПЕН ТОЛТЫРАЙЫҚ.
«Құмтүйін» жалпы білім беретін мектебінде «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай «Балдырған» мектепішілік жазғы демалыс лагері өз жұмысын салтанатты түрде бастады. «Жазды қуанышқа толтырайық» тақырыбымен өткен бұл ерекше мереке балаларға шаттық пен қуаныш сыйлады.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың жеке қасиеттерін дамытып, оларды өнерге, шығармашылыққа, адамгершілікке баулу.
Бұл күнгі мерекеге ұстаздар, ата-аналар, мектеп басшылығы мен арнайы қонақтар қатысты. Балалардың күлкісі мен қуанышы бұл күнді шынайы мерекеге айналдырды.
Айта кету керек, бұл игі шараның өтуіне белсенді түрде атсалысып, демеушілік көрсеткен азамат – ауылымыздың жанашыры, мейірімді жүректі, көпшілікке қолдау көрсетуден аянып қалмайтын кәсіпкер Айтуғанов Бағдат мырза болды. Оның демеушілігімен балаларға арнайы сыйлықтар мен оқу-құралдары тарту етіліп, лагерьдің ашылуына қажетті ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде өтті.
Мектеп директоры Шукирбаев Амирхан мырза өз құттықтау сөзінде балалардың болашағы – ел ертеңі екенін атап өтіп, балаларды қорғау, олардың бақытты және қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау – баршамыздың ортақ парызымыз екенін жеткізді.
Шара барысында тәрбиелік мәні бар өлеңдер, тақпақтар, әндер оқылып, көркем өнерпаздардың қатысуымен шағын концерт ұйымдастырылды. Балалар өз өнерлерін паш етіп, қуанышты күй кешті.
Іс-шара соңында мектеп ұжымы мен ата-аналар Айтуғанов Бағдат мырзаға өз ризашылықтарын білдіріп, осындай жанашыр азаматтардың арқасында балалардың жарқын болашағына жол ашылатынын жеткізді.
