Мерекелік кешке ата-аналар, ұстаздар және мектеп әкімшілігі арнайы қатысып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасты. Іс-шараны мектеп директорының орынбасары құттықтау сөзбен ашып, төрт жыл бойы табандылық танытып, білім нәрін сусындатқан ұстаздарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, оқушылардың жетістіктері мен белсенділіктері атап өтіліп, үздік оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Кеш барысында оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, мәнерлеп өлең оқыды. Әр сыныптың өз қойылымы болды, олардың барлығы шынайы көңілмен дайындалғаны көрініп тұрды. Бірі ұстазына арнап жүрекжарды жырын оқыса, енді бірі достық пен мектеп туралы әсерлі көрініс көрсетті. Оқушылар өз сөздерінде ұстаздарына, ата-аналарына алғыстарын білдіріп, бастауыш сыныппен қоштасу сәтінің толқынысты екенін жеткізді.
Ата-аналар да шет қалмай, өз лебіздерін білдіріп, мектеп ұжымына алғыстарын жаудырды. Төрт жыл бойы балаларына білім мен тәрбие берген ұстаздарға деген шексіз ризашылықтарын жеткізіп, гүл шоқтарын тарту етті. Кеш соңында сынып жетекшілері әр оқушыға жылы лебіз айтып, орта буынға қадам басқалы тұрған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
Мектеп дәліздері мен акт залы мерекеге сай безендіріліп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара жоғары деңгейде өтті, балалардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Бұл кеш олардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Осылайша, Т. Айжанов атындағы мектеп оқушылары үшін бастауышпен қоштасу мерекесі ерекше көңіл-күймен, жүрек тебірентерлік әсермен өтті. Алда оларды жаңа пәндер, жаңа мұғалімдер мен жаңа жетістіктер күтіп тұр. Ендеше, қадамдарың сәтті болсын, жас түлектер!

