
“Қызғалдақ” тобының “Менің отбасым” тақырыбындағы жазғы сауықтыру бойынша іс-әрекеті.
Отбасы — адам баласының шыр етіп жерге түскен сәтінен бастап, есейіп, ер жеткенге дейінгі өмірінің ең алғашқы әрі аса маңызды алтын бесігі. Ол — адамның тұлға болып қалыптасуындағы ең басты орта. Отбасында алған тәрбие — бүкіл өміріңе бағыт беретін темірқазық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Өйткені адамның болмысы, мінезі, өмірге деген көзқарасы дәл осы отбасында қаланады.
Қазақ халқы үшін отбасы — қасиетті ұғым. Ата-бабаларымыз әуел бастан-ақ отбасын қадір тұтып, оны бүтін ұрпақтың, тұтас бір әулеттің негізі деп таныған. Отбасы – тек ата-ана мен баладан құралған шағын ұжым ғана емес, ол – үлкен жауапкершілік пен мейірімге, сүйіспеншілік пен сыйластыққа құрылған киелі орда. Мұнда әр адамның өз рөлі, өз міндеті бар. Әке – отбасының тірегі, қорғаны, үлгі тұтар тұлғасы. Ана – мейірімнің, жылулықтың, тәрбие мен қамқорлықтың қайнар көзі. Ал балалар – сол ұяның үміті мен келешегі.
Отбасы — қоғамның кішкене бөлшегі. Қоғамның дамуы да осы отбасылардан басталады. Әр отбасы өзара тату, бірлікте өмір сүрсе, қоғам да бейбіт, ынтымақты болмақ. Тәрбиеге бай, өнегелі, рухани бай отбасынан шыққан бала — ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан да отбасындағы ата-ананың рөлі орасан. Олар баласына тек материалдық жағдай жасап қана қоймай, рухани тәрбие беруге де баса мән беруі тиіс. Ізеттілікке, еңбекқорлыққа, адалдық пен отансүйгіштікке баулып өскен бала – нағыз тұлға.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтар әлсіреп бара жатқан тұстар да бар. Ажырасу, бала тәрбиесіне салғырт қарау, қаржылық қиындықтар отбасы ұғымының беделін түсіріп, ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп отыр. Мұның алдын алу үшін отбасы мүшелері бір-біріне түсіністікпен қарап, бір-бірінің қадірін білуі керек. Ашық сөйлесу, сыйластық, кешірімділік — мықты отбасының кепілі.
Қазіргі таңда мемлекетіміз де отбасы институтын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Мықты отбасы – мықты мемлекет» деген ұранмен түрлі бағдарламалар қабылданып, отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл — өте қуанарлық жағдай. Себебі адамзаттың ең басты байлығы – ол берекелі отбасы.
Қорыта айтқанда, отбасы – адамның өміріндегі ең қымбат, ең қадірлі мекені. Ол — махаббат пен мейірімнің, тәрбие мен тәртіптің бастауы. Өз отбасын құрметтей білген адам ғана елін де, халқын да құрметтей алады. Сондықтан әр адам үшін отбасы — басты байлық, шексіз бақ. Оны сақтау, қорғау — әрбіріміздің парызымыз.
