
Шардара аудандық «Қазақстан ауыл әкімдігі аппаратына, дәрігерлік-амбулаториясы» қызметкерлеріне нашақорлықтың алдын алу және зияны туралы «Есірткісіз өмір ғажайып «, «Есірткі-ғасыр дерті» , «Есірткісіз болашақ» тақырыбында Шардара АОА СӨСҚ маманы Бағзада Ибадулла кездесу өткізді.
Қазіргі жаһандану заманында қоғамның ең басты мәселелерінің бірі – есірткіге тәуелділік. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ індет, ұлттың болашағына, ұрпақтың саулығына төнген үлкен қауіп. Есірткінің таралуы мен оған бейімділіктің артуы әсіресе жастар арасында қатты байқалады. Бұл жағдай тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дертке шалдығуына себеп болады.
Есірткі – адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, ағзаның барлық мүшелерін уландыратын, адамды психологиялық және физиологиялық тұрғыдан тәуелді ететін зат. Есірткінің салдары өте ауыр: ол адамның ерік-жігерін жойып, ақыл-ойын тұмшалап, оны толықтай тәуелді етеді. Тұрақты қолданған адамның өмірі қысқарады, ол қоғамнан оқшауланады, денсаулығы нашарлайды, қылмысқа бейім болады. Ең сорақысы – адамгершілік қасиеттерінен айырылып, отбасын, жақындарын, тіпті өзін де ұмыта бастайды.
Есірткі мәселесінің ушығуына бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, отбасы ішілік жанжалдар, рухани тәрбиенің жеткіліксіздігі және ортаның ықпалы ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілерде есірткіні насихаттайтын немесе сатуға итермелейтін топтар мен жарнамалардың көбеюі жағдайды одан әрі қиындатып отыр.
Мемлекет тарапынан есірткімен күреске қатысты түрлі шаралар қабылданып келеді. Заң күшейтіліп, есірткі таратқандар мен сақтағандарға қатаң жаза тағайындалуда. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында есірткінің зияны туралы дәрістер оқылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл мәселені тек заңмен шектеп қою жеткіліксіз. Бұл – бүкіл қоғам болып, біріге отырып күресетін дерт. Ата-ананың балаға берген тәрбиесі, мектептегі ұстаздың бағыт-бағдары, ортаның ықпалы – барлығы осы індеттің таралуына қарсы күресте маңызды рөл атқарады.
Жастар – елдің болашағы. Олар саналы, білімді, дені сау болып өсуі үшін салауатты өмір салтын ұстануы тиіс. Спортпен шұғылданып, пайдалы іспен айналысқан жас буын ешқашан есірткінің жетегіне ермейді. Сондықтан әрбір жас адам өз өміріне, болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет. Уақытша қызықтың артында өмірлік өкініш тұрғанын ұмытпаған жөн.
Қорытындылай келе, есірткі – тек медициналық емес, әлеуметтік, моральдық, ұлттық апат. Онымен күресу – әрбір азаматтың парызы. Біз салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыра білсек, болашақта бұл індеттің алдын алуға толық мүмкіндік бар. «Жаман әдет – жанға қас» дегендей, есірткіге жол жоқ екенін әрбір адам түсінуі тиіс.
Кездесу соңында ақпараттық үнпарақшалар таратылды. Сұрақ-жауап айдары болды сұрақтарына жауап ала алды.
