Жұғу жолдары: АИТВ ағзаға қан арқылы, қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде, сондай-ақ анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, стерильді емес инелерді (мысалы, есірткі тұтынғанда) қолдану арқылы да вирус жұғады. Тұрмыстық жағдайда, яғни құшақтасу, қол алысу, бір ыдыспен тамақтану немесе жөтел, түшкіру арқылы АИТВ жұқпайды.
Белгілері: АИТВ жұққаннан кейін алғашқы кезеңде адамның жағдайында айтарлықтай өзгеріс байқалмауы мүмкін. Бірақ бірнеше аптадан кейін тұмауға ұқсас белгілер (қызу, әлсіздік, лимфа түйіндерінің ісінуі) пайда болады. Бұл белгілер біраз уақыттан соң жойылып кетеді, алайда вирус ағзада белсенділігін жалғастыра береді. Уақыт өте келе иммундық жүйе әлсіреп, түрлі жұқпалы және онкологиялық аурулар жиілейді.
Диагностикасы: АИТВ-ны анықтау үшін арнайы зертханалық қан талдауы жасалады. Қазіргі таңда елімізде АИТВ-ға тегін және жасырын түрде тексерілуге мүмкіндік бар. Ерте диагностика – аурудың таралуын алдын алу және науқастың өмір сапасын жақсарту үшін аса маңызды.
Емі: АИТВ инфекциясын толық емдеу мүмкін емес, бірақ оны арнайы антиретровирустық терапия (АРТ) арқылы бақылауда ұстауға болады. АРТ емін тұрақты қабылдау арқылы адамның өмір сүру ұзақтығы едәуір артады және вирус жұқтыру қаупі азаяды.
Алдын алу шаралары: – Қорғалмаған жыныстық қатынастан бас тарту немесе мүшеқап қолдану;
– Қан құю немесе инвазивті процедуралар кезінде стерильді құралдарды пайдалану;
– Нашақорлықпен күресу және инелерді ортақ қолданбау;
– Жүкті әйелдерді дер кезінде АИТВ-ға тексеру және қажет болса ем жүргізу.
Қорытынды: АИТВ инфекциясы – алдын алуға болатын ауру. Ең бастысы – ақпараттану, сақтық шараларын сақтау және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау. АИТВ-мен өмір сүру – үкім емес, дер кезінде басталған ем мен қолдаудың арқасында толыққанды өмір сүруге болады.

