
Ана сүті – өмірдің алғашқы вакцинасы!Ана сүті — жаңа туған нәресте үшін ең құнды және теңдесі жоқ тағамдық өнім. Оның құрамы табиғи түрде баланың қажеттіліктеріне сай өзгеріп отырады. Ана сүтінің негізгі бөлігі — су (шамамен 87–88%), бұл баланың ағзасын ылғалмен қамтамасыз етеді және ас қорытуға жеңіл жағдай жасайды. Қалған бөлігі қоректік заттардан, дәрумендерден, ферменттерден және иммундық элементтерден тұрады.
Ана сүтіндегі негізгі қоректік заттар — ақуыздар, майлар және көмірсулар. Ақуыздар (шамамен 1%) ішінде альбумин мен лактальбумин сияқты жеңіл сіңетін түрлері басым. Олар баланың бұлшықет тінін, ферменттер мен гормондарды түзуге қатысады. Сонымен қатар, иммуноглобулиндер мен лизоцим сынды ақуыздар нәрестені түрлі жұқпалардан қорғайды.
Майлар (шамамен 4%) – баланың энергия көзі. Ана сүтіндегі майлар құрамында қанықпаған май қышқылдары, холестерин және фосфолипидтер бар. Олар ми мен жүйке жүйесінің дамуына, тері мен ішкі мүшелердің қалыптасуына маңызды. Майдың мөлшері емізудің басында мен соңында өзгереді: алғашқы сүт сұйық әрі шөлді қандырады, ал соңғы сүт қою, майлы және қуатты.
Көмірсулардың басты түрі — лактоза (шамамен 7%). Лактоза асқазан-ішек жолының жұмысын жақсартады және пайдалы бактериялардың дамуына көмектеседі. Сонымен қатар, сүт құрамында дәрумендер (A, D, E, C, B тобы), минералдар (кальций, темір, магний, мырыш, фосфор) және ферменттер бар.
Ана сүтінің тағы бір ерекше қасиеті — оның иммундық қорғаныс қызметі. Онда антиденелер мен лейкоциттер кездеседі, олар баланы инфекциялардан, аллергиядан, ішек ауруларынан қорғайды. Сондай-ақ, ана сүті баланың психологиялық дамуына оң әсер етеді, ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтады.
Қорытындылай келе, ана сүті – баланың өмірінің алғашқы айларында ең пайдалы әрі теңгерімді тағам көзі. Ол тек қоректік заттар ғана емес, сонымен бірге табиғи қорғаныс пен сүйіспеншіліктің белгісі болып табылады.
