Салауатты ана пансионаты – аналардың денсаулығын қорғаудағы
жаңа қадам!
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің инициативасымен Түркістан облысы бойынша №3 Облыстық перинаталдық орталық базасында «Салауатты ана пансионаты» ашылды. Ағымдағы жылдан бастап халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан пансионатының негізгі мақсаты облыс аумағына қарасты 600 км радиусты қамтитын шалғай аудандарда тұратын жоғары тәуекел топтағы жүкті әйелдерді ықтимал және күтілетін асқынулардан алдын алу. Қазіргі таңда облыс бойынша №3 Облыстық перинаталдық орталыққа қарасты Сауран, Созақ, Отырар және Кентау қаласынан ұзақ мерзімді әрі күрделі медициналық бақылауды және мамандандырылған көмекті қажет ететін 40-тан астам жүкті «Салауатты ана пансионатында жатып, күрделі асқынулардың алдын алу және перинаталдық қауіптердің деңгейін төмендету мақсатында қолжетімді әрі сапалы медициналық бақылауда болды.
Әрбір ананың дені сау, әрбір сәбидің өмірге аман-есен келуін қамтамасыз ету мақсатында ашылған «Салауатты ана пансионаты» медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен үздіксіз қызметінің арқасында мекемеде өз жұмысын жалғастыруда.Ана денсаулығы – қоғамның ең басты байлығының бірі. Себебі дені сау ана – ұлттың болашағын тәрбиелеп, ұрпақтың өсіп-өнуіне негіз болады. Әйел адамның денсаулығы тек жеке мәселе емес, ол елдің демографиялық, әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан ана денсаулығын сақтау – мемлекеттің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады.
Ана денсаулығын қорғау жүктіліктің алғашқы кезеңінен басталуы тиіс. Әйел адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлік тексеруден уақытылы өтіп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Жүктілік кезінде дұрыс күтім мен психологиялық тұрақтылық баланың да, ананың да саулығына оң әсерін тигізеді.
Медицина саласында ана денсаулығын сақтау үшін көптеген бағдарламалар мен қызметтер жүзеге асырылуда. Елімізде әрбір әйел жүктілік кезеңінде тегін медициналық бақылаудан өтіп, перинаталдық орталықтарда қажетті көмек ала алады. Сонымен қатар жүкті әйелдерге арналған арнайы мектептер, денсаулық сақтау орталықтары мен психологиялық қолдау қызметтері жұмыс істейді.
Ана өлімін азайту, босану процесін қауіпсіз ету – дәрігерлер мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Бұл бағытта заманауи медициналық технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру, ауылдық жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады.
Ана денсаулығын сақтау – отбасындағы және қоғамдағы қолдауға да байланысты. Ер адам мен жақындардың қамқорлығы, жылы қарым-қатынасы ананың көңіл-күйін көтеріп, оның физикалық және эмоционалдық саулығын нығайтады.
Қорытындылай келе, ана денсаулығы – ұлт саулығының айнасы. Әрбір әйелдің өмірі мен денсаулығы қорғалуға тиіс. Денсаулығы мықты ана – бақытты отбасының, ал бақытты отбасы – берік қоғамның негізі.