
Семинар өзекті тақырыптарды қамтып, қатысушылардың кәсіби дайындығын арттыруға бағытталған маңызды шара болды.Чикигунья ауруы – маса арқылы тарайтын вирустық инфекция. Бұл ауруды Aedes aegypti және Aedes albopictus түріндегі масалар таратады, олар көбіне күндіз шағып, вирус жұқтырған адамның қанын сорғаннан кейін сау адамды шағу арқылы инфекцияны таратады. Чикигунья вирусы алғаш рет 1952 жылы Танзанияда анықталған және кейін Азия, Африка, Америка мен Тынық мұхиты аймақтарында кеңінен таралған.
Аурудың инкубациялық кезеңі әдетте 2–7 күнге созылады. Басты белгілері: дене қызуының күрт көтерілуі, буындардың қатты ауыруы, бұлшықет ауруы, бас ауруы, тері бөртпелері мен әлсіздік. Буын ауруы кейде бірнеше апта, тіпті айлар бойы сақталып, адамды әлсіретеді. Бұл симптомдардың барлығы организмдегі қабыну процесімен және вирустың иммундық жүйеге әсерімен байланысты.
Чикигунья безгегі әдетте өлімге әкелмейді, бірақ ол адамның өмір сапасын төмендетіп, ұзақ уақытқа жұмысқа жарамсыз етеді. Әсіресе егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар тұлғалар үшін қауіпті. Аурудың нақты емі жоқ, сондықтан емдеу негізінен симптомдарды жеңілдетуге бағытталған: сұйықтық көп ішу, тынығу, ауырсынуға қарсы және қызу түсіретін дәрілер қолдану ұсынылады.
Алдын алу шаралары ең маңызды рөл атқарады. Ең алдымен масалар санын азайту қажет: олардың көбейетін жерлері – ашық су қоймалары, гүл құмыраларындағы су және басқа да ылғалды орындар жойылуы тиіс. Сонымен қатар денені жабық ұстайтын киім кию, москит торларын пайдалану және репелленттер жағу арқылы да қорғануға болады.
Чикигунья вирусына қарсы арнайы вакцина әзірге кең қолданысқа енгізілмеген, сондықтан жеке сақтану шаралары мен масалармен күрес – басты қорғаныс жолы болып саналады.
Ауруға шалдыққан адам маса шағудан қорғануы тиіс, өйткені ол вирустың басқа адамдарға таралуына себеп болуы мүмкін. Уақытылы дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау – денсаулықты тезірек қалпына келтіруге көмектеседі.
Чикигунья – табиғи орта мен адам өмірінің тығыз байланысын көрсететін аурулардың бірі. Климаттың жылынуы мен урбанизация салдарынан масалар саны көбейіп, вирустың таралу аймағы кеңейіп келеді. Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтау саласында масаларға қарсы күресті күшейту және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын арттыру – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы.
