25 минут – өмір үшін күрес.Нағыз батырлар – майданда емес, аурухана қабырғасында да бар.Коронарлық синдром – жүрекке қан жеткізетін тәждік (коронарлық) артериялардың тарылуы немесе бітелуі нәтижесінде миокардтың қанмен қамтамасыз етілуі бұзылатын клиникалық жағдайлар тобы. Бұл ауру жүрек-қан тамыр жүйесінің ең қауіпті және кең тараған патологияларының бірі болып саналады. Коронарлық синдром екі негізгі түрге бөлінеді: тұрақсыз стенокардия және миокард инфарктісі (жүрек ұстамасы).
Аурудың басты себебі – атеросклероз. Артерия қабырғаларында холестерин мен майлы заттардан түзілген атеросклероздық бляшкалар пайда болып, қан ағымын тарылтады. Егер бұл бляшка жарылса, оның орнында тромб (қан ұйындысы) түзіліп, тамырды толық жауып тастауы мүмкін. Соның салдарынан жүрек бұлшықетіне (миокардқа) оттегі жетпей, ишемия дамиды.
Коронарлық синдромның белгілері – төс астындағы қатты қысатын немесе жаншитын ауырсыну, ауырсынудың сол қолға, иыққа, мойынға, иекке таралуы, тыныстың тарылуы, қатты терлеу, әлсіздік, жүрек айну. Кей жағдайларда ауырсыну сезілмеуі де мүмкін (әсіресе қант диабетімен ауыратын адамдарда).
Диагностикасы үшін электрокардиограмма (ЭКГ), қан талдауы (тропонин деңгейі), эхокардиография, коронарография сияқты әдістер қолданылады. Бұл зерттеулер жүрек бұлшықетінің зақымдалу дәрежесін және артериялардың өткізгіштігін анықтауға мүмкіндік береді.
Емдеу тәсілдері аурудың түрі мен ауырлығына байланысты таңдалады. Негізгі мақсат – жүрекке қан ағымын қалпына келтіру және миокардтың зақымдануын болдырмау. Ол үшін антиагреганттар (аспирин, клопидогрель), антикоагулянттар, бета-блокаторлар, нитраттар және статиндер қолданылады. Кей жағдайларда ангиопластика немесе коронарлық шунттау операциясы жасалады.
Алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды: дұрыс тамақтану, темекі мен алкогольден бас тарту, тұрақты физикалық белсенділік, артық салмақты бақылау, қан қысымы мен холестерин деңгейін үнемі тексеріп тұру.
Коронарлық синдром дер кезінде анықталып, емделмесе, ауыр асқынуларға – жүрек жеткіліксіздігіне немесе кенет жүрек өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер байқалған жағдайда шұғыл түрде дәрігерге жүгіну қажет.
