
Бұл іс-шараның мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық бірлікті нығайту және оқушылар мен ұстаздар арасындағы достық қарым-қатынасты арттыру болды.Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі, денсаулық пен өмір сапасын жақсартатын маңызды факторлардың бірі. Ол тек дене шынықтыру құралы ғана емес, сондай-ақ адамның ерік-жігерін, мінез-құлқын, тәртібін тәрбиелейтін өмір мектебі болып табылады. Спортпен шұғылдану арқылы адам өз денесін шынықтырып қана қоймай, рухани тұрғыдан да жетіледі. Қазіргі таңда спорт – елдің мәдени дамуы мен әлеуметтік ахуалының көрсеткіші ретінде бағаланады.
Спорттың түрлері өте көп: жеңіл атлетика, футбол, волейбол, күрес, жүзу, теннис, шаңғы, гимнастика және тағы басқа. Әр спорт түрі адамның белгілі бір қабілетін дамытады. Мысалы, жеңіл атлетика – төзімділік пен жылдамдықты, күрес – күш пен батылдықты, жүзу – тыныс алу жүйесін жақсартады. Сондықтан спортпен айналысу кез келген жастағы адам үшін пайдалы.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында спорт сабақтары міндетті түрде жүргізіледі. Бұл жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын ұстануына жол ашады. Сонымен қатар, спорт адамды ұжымшылдыққа, достық пен өзара сыйластыққа тәрбиелейді. Командалық ойындарда әрбір қатысушы ортақ мақсат үшін күресіп, өзара көмек көрсетуді үйренеді.
Қазақстанда спорт саласы жылдан жылға дамып келеді. Ел намысын қорғаған спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Мысалы, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында қазақ спортшыларының жетістіктері ел мақтанышы болып табылады.
Қорыта айтқанда, спорт – салауатты өмір салтының негізі, адамның денсаулығы мен рухани дамуының кепілі. Әр адам спортпен тұрақты түрде айналысып, өз өміріне белсенді қозғалыс пен тәртіп енгізсе, ол қоғамның да, елдің де дамуына оң ықпал етеді.
