Молда Мұса атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары Оразкүл Амирбекованың және бастауыш сынып мұғалімдерінің ұйымдастырумен «Алтын күз» жәрмеңкесі өткізілді. Алтын күз — береке мен молшылықтың, еңбектің және қуаныштың мезгілі.Жәрмеңкенің мақсаты – оқушыларды еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа, іскерлікке баулу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Әр сынып өз өнімдерін, үйде әзірлеген тәтті тағамдар мен ұлттық ас мәзірлерін, қолдан жасалған бұйымдарын ұсынды. Күзгі дастарханның сәнін кіргізген жеміс-жидектер мен көкөністер жәрмеңкені көрікке бөледі.Жәрмеңке — адамдардың сауда жасау, өнер көрсету және мәдени қарым-қатынас орнату мақсатында жиналатын дәстүрлі қоғамдық іс-шара. Жәрмеңке ежелден қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алған. Ол тек сауда алаңы емес, сонымен қатар мәдениет пен өнердің дамуына ықпал еткен маңызды орталық болған. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен саудагерлер, қолөнершілер, әнші-күйшілер мен ақын-жыраулар келіп, өз өнерін көрсетіп, өнімдерін ұсынған.
Қазақ жерінде атақты Көкжар, Қоянды, Қарқара, Тайынша, Ойыл сияқты жәрмеңкелер халық арасында кеңінен белгілі болған. Бұл жәрмеңкелерде мал, тері, киім-кешек, зергерлік бұйымдар, азық-түлік және түрлі тұрмыстық заттар сатылған. Сонымен қатар, жәрмеңке – елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірін жақсартуға мүмкіндік берген маңызды оқиға. Мұнда ауыл тұрғындары жаңалықтармен алмасып, сауда жасау арқылы табыс табуға мүмкіндік алған.
Қазіргі уақытта жәрмеңкелер заманауи форматта өткізіледі. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер жәрмеңкесі, кітап және білім жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады. Мұндай шаралар отандық кәсіпкерлер мен өндірушілерді қолдауға, жергілікті өнімдерді насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, жәрмеңке халықтың бір-бірімен араласуына, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға, мәдени құндылықтарды сақтауға үлкен септігін тигізеді.
Жалпы, жәрмеңке – тек сауда алаңы емес, қоғамның рухани, мәдени және экономикалық өмірінің айнасы. Ол халықтың ынтымағын нығайтып, бірлік пен еңбексүйгіштікті дәріптейтін дәстүрлі әрі маңызды іс-шара болып қала береді.
