
ҚАЛА БАСШЫСЫ САУРАН СЕКТОРЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ.
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесулер аясында Сауран секторының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің мәжіліс залында өтті.
Жиында қала басшысы сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, осыған дейін тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Сауран секторы аумағында инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 1-2 мөлтек аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы толық қамтамасыз етілді. Ауыз су жүйесіне қатысты 75 үйдің 14-і жөндеуден өтті, 48 үй қалыпты жағдайда, ал 6 үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Көпқабатты үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған 15 үйдің барлығында жұмыстар толық аяқталған.
Сондай-ақ, Сауран мөлтек ауданында ауыз сумен қамту деңгейі 99,5%-ды құрайды.
Қала тұрғындарының 98%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал қалған 83 абонент бойынша газ желісін тарту жобасы әзірленіп, алдағы жылы іске асыру жоспарлануда.
Сектордағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі бүгінде 60,2%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін 66,7%-ға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 156 көшенің 96%-ы жарықтандыру жүйесімен қамтылған.
Биылғы жылдың қараша айына дейін қалада 30 әлеуметтік дүкен іске қосылды, оның 7-і Сауран секторында орналасқан.
Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында қала аумағында 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі – Сауран секторының М.Төлебаев көшесінде орналасқан спорт кешені ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріліп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және кәсіби спорттың дамуына мүмкіндік берді.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарын тыңдады. Әзімбек Пазылбекұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, қаланың өркендеуіне өз үлесін қосуға шақырды.
Айта кетейік, қала әкімінің халықпен көшпелі кездесуі ертең, 13 қараша күні сағат 10:00-де Е.Изатуллаев атындағы жалпы орта мектепте жалғасады.
