Қариясын қадірлеген ел – қашанда биік ел.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында ардагерлеріміздің шаңырағында болып, хал-жағдайларын сұрап, ақ баталарын алдық.
Қарияларымыз – тек бір әулеттің емес, тұтас қоғамның тірегі. Олардың әрбір сөзі – өмір сабағы, әрбір ісі – ұрпаққа өнеге.
Бүгінгі тәуелсіздігіміз бен өсіп-өркендеп отырған Түркістанымыз – осы ардақты жандардың ерен еңбегінің арқасы.
Бүгінде Түркістан қаласының халық саны 240 422 адамды құрайды. Оның ішінде 17 522 зейнеткер, сондай-ақ 255 тыл ардагері бар. Олар қоғамдық ұйымдар жұмысына белсене атсалысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.
Қарияға құрмет – халықтың кісілігін айқындайтын қасиет. Сондықтан үлкенді қадірлеу, олардың көңілін сұрап, алғыс айту – біздің парызымыз.
Батагөй қарияларымыз аман болып, шаңырағымыздың шаттығы мен еліміздің берекесі болып жүре берсін.Үлкенді сыйлау – қазақ халқының санасына әуелден сіңген терең тәрбиелік қағида. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген тұжырым тек сөз емес, бүтін бір ұлттың мінез-құлқын, болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Қазақ даласында жасы үлкен адамға орын беру, оған сәлем беру, ақылын тыңдау – кез келген шаңырақтың бұлжымас дәстүрі. Себебі үлкен адам – өмір көрген, тәжірибесі мол, қуанышы мен қайғысын, жеңісі мен жеңілісін бастан өткерген тұлға.
Ұлт тәрбиесінде үлкенді сыйлау арқылы адам бойында жауапкершілік, әдеп, сабыр, ізгілік қасиеттер қалыптасады. Қазақта «Жасы үлкеннің жолы үлкен» деп құрмет көрсету – қоғамдағы татулықтың, түсіністіктің негізі. Үйге келген әрбір қонақтың үлкен-кіші иерархиясы сақталып, ең алдымен жасы үлкен адам төрге шақырылады. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қазақы тәрбие мен мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған.
Қазіргі заманда да бұл қағидат өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау үшін үлкенді құрметтеу – қоғамды берік ұстап тұратын рухани тірек. Үлкенді сыйлаған ұрпақ ешқашан көргенсіз болмайды, ал көргенділік – тәрбиелі елдің белгісі. Сондықтан әр отбасы, әр жас буын осы дәстүрді жалғастырып, үлкендерге ізет көрсету арқылы ұлттың рухани мұрасын сақтап қалуға үлес қосуы қажет.