ТҚОА дәрігерлері Түркиядағы жетекші клиникада біліктілігін арттыруда. Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасының бірқатар дәрігерлері Түркия Республикасының Эдирне қаласындағы Trakya University Hospital базасында халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында кәсіби біліктіліктерін арттыруда.
Тәжірибе барысында мамандар заманауи медициналық технологияларды меңгеріп, күрделі хирургиялық араласулардың озық әдістерін игеруде. Сонымен қатар, олар Түркияның жетекші клиникаларында қолданылатын диагностикалық және емдеу үдерістерінің ерекшеліктерімен танысып, халықаралық тәжірибені тәжірибелік тұрғыда зерделеуде.
Бағдарлама аясында дәрігерлер:
заманауи диагностикалық және хирургиялық құрал-жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруде;
еуропалық стандарттарға сәйкес жүргізілетін күрделі операцияларға қатысып, озық хирургиялық тәсілдерді меңгеруде;
жаңа клиникалық хаттамалар мен пациенттерді емдеудің заманауи әдістерін үйренуде;
халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасып, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуда.
Аталған тәжірибе алмасу бағдарламасы өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алынған білім мен тәжірибе алдағы уақытта ауруханада заманауи емдеу тәсілдерін енгізуге және пациенттерге көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады.
