ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕРМАТОВЕНЕРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ – 100 ЖЫЛ.
Түркістан қаласында Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, сала мамандарын айтулы мерейтоймен құттықтады.
«Оңтүстік Қазақстанның дерматовенерологиялық қызметінің ғасырлық жолы: инновациялар, сабақтастық және эндемиялық аурулардың мәселелері» тақырыбындағы басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен және Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан, Қарақалпақстаннан келген 200-ге жуық жетекші маман қатысты.
Конференция барысында дерматовенерология саласындағы заманауи диагностика мен емдеу әдістері, ғылыми жетістіктер, жұқпалы және созылмалы тері ауруларының алдын алу мәселелері талқыланып, мамандар арасында тәжірибе алмасу жүргізілді.
Дерматовенерология – тері, шаш, тырнақ ауруларын және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды зерттейтін медицинаның маңызды саласы. Бұл бағыт тері ауруларының пайда болу себептерін анықтауға, олардың алдын алуға, дұрыс диагноз қоюға және тиімді ем жүргізуге бағытталған.
Дерматовенеролог дәрігерлер безеу, экзема, псориаз, дерматит, саңырауқұлақ инфекциялары, қышыма, сүйел және басқа да тері ауруларын анықтап, емдейді. Сонымен қатар мерез, соз, хламидиоз және басқа да жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды диагностикалау мен емдеу осы мамандықтың негізгі міндеттеріне жатады.
Тері – адам ағзасын сыртқы ортаның зиянды әсерлерінен қорғайтын маңызды мүше. Сондықтан теріде бөртпе, қызару, қышу, жара немесе түсініксіз өзгерістер байқалса, өздігінен емделмей, дәрігерге қаралған жөн. Уақытылы тексерілу аурудың асқынуының алдын алып, оның басқа адамдарға таралу қаупін азайтады.
Дерматовенерологиялық аурулардың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, жеке қолданылатын заттарды ортақ пайдаланбау, қауіпсіз жыныстық қатынас ережелерін ұстану және дәрігердің кеңесін орындау қажет. Сондай-ақ күмәнді белгілер пайда болған жағдайда медициналық тексеруден өту маңызды.
Дерматовенерология саласының басты мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау, тері ауруларын ерте анықтау, жұқпалы инфекциялардың таралуын болдырмау және адамдардың өмір сапасын жақсарту. Дәрігерге уақтылы жүгіну – денсаулықты қорғаудың маңызды қадамы.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы, облыстық дерматовенерологиялық диспансер, Өзбекстан Республикасының республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы және оның Қарақалпақстан аумақтық филиалы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ конференция аясында академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың төртінші табыстау рәсімі өтіп, дерматовенерология саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.
Айта кетсек, 1926 жылы негізі қаланған Түркістан облыстық дерматовенерологиялық диспансерінде 300-ден астам маман еңбек етеді. Мекеме Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 3,5 миллионға жуық тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Былтыр диспансерде 155 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетілген.