САУРАНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ.
Сауран ауданында 23 маусым – Қазақстан Республикасы Полиция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Алмат Абидинов құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ішкі істер саласының ардагерлері және сала өкілдері қатысты.
Мерекелік жиында аудан әкімі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне жоғары баға берді. Өз сөзінде полиция қызметкерлері заң мен тәртіптің сақшысы ретінде қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруда құқық қорғау органдарының рөлі ерекше екеніне тоқталды.
Жиын барысында Сауран аудандық полиция бөлімінің ағымдағы жылдың алғашқы алты айында атқарған жұмыстары қорытындыланып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау және қылмыстың ашылуын арттыру бағытында жүзеге асырылған шаралар баяндалды.
Салтанатты шарада қызметтік міндетін адал атқарып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан бірқатар полиция қызметкерлері марапатталды. Оларға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы марапаттары табысталып, көп жылғы еңбектері мен кәсіби жетістіктері үшін құрмет көрсетілді.
«Заң мен тәртіп» – қоғамдағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және әділдікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаты. Бұл ұстаным әрбір азаматтың заң талаптарын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін білуіне негізделеді. Заң үстемдік құрған қоғамда адамдардың құқықтары қорғалып, әділетсіздік пен заңсыздыққа жол берілмейді.
Аталған қағидаттың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықпен күресу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрбір адам заң алдында тең екенін түсініп, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Заң мен тәртіп тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда және жұмыс орнында тәртіп сақтау әр азаматтың міндеті.
Жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу де осы қағидаттың маңызды бөлігі болып саналады. Заңды құрметтеген, тәртіпті сақтаған қоғамда бейбітшілік пен келісім нығаяды.
Қорыта айтқанда, «Заң мен тәртіп» – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің негізі. Заңға құрметпен қарау – әрбір азаматтың парызы. Өйткені тәртіп бар жерде тұрақтылық, ал заң үстемдік еткен жерде әділдік болады.