Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Мемлекет басшысы биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кеткенін айтты.
Сонымен қатар, су тасқынынан төнетін қауіп сейілмегенін айтып, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыруды, еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тартуды тапсырды.
Мемлекет басшысы Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне су тасқынынан зардап шеккендерге тиісті барлық көмек көрсету, бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану міндетін жүктеді. Жауапты сәтте бизнес өкілдерін, компанияларды, жер қойнауын игерушілерді халыққа қол ұшын созуға шақырды.
Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуге, қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауға, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қайта қарауға Үкімет назарын аударды. Су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп беретінін ескертіп, алаңдамауға шақырды.