Елімізде 2021 жылдан бастап маусым айының екінші жексенбісінде Малшылар күні аталып өтіледі Малшылар мейрамы – шаруа адамдарының мерейін көтеруді көздейтін, олардың бірлігін нығайтып, Қазақстандағы мал шаруашылығының дамытуға бағытталған.ҚР Ауыл шаруашылығы ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл 4 айда мал шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 792,3 млрд теңге болған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп сома. Әрине, көрсеткішке мал басы санының өсуі де әсер ететіні анық.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, халқы — еңбекқор. Мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының мал шаруашылығы саласы елімізде жетекші орында.
Өткен жылы мал шаруашылығы өнімі 470 млрд теңгені құрап, республика бойынша 1 орынға шықты.
Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада көш басында. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, ұсақ мал етінің 75% облыстың еншісінде. Былтыр шет елдерге 10,9 мың тонна ІҚМ, 5 мың тонна қой еті экспорталды. Стандарттарға сай бордақылау алаңдары мен кешендерінің саны артып келеді. Облыста жалпы 9 мыңнан астам ірі қара мал бордақылау алаңы бар.
Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде 7 ет өнімдерін өңдеу, 23 сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Облысымыздың өнімдері Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастауымен шаруашылықпен айналысам деген кез келген кәсіпкерге қолдауы дайын.