
Қазіргі таңда адамның өмір сүру ұзақтығы мен сапасы – оның салауатты өмір салтын қаншалықты ұстанатынына байланысты. Салауатты өмір салтының басты компоненттері – дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, күн тәртібі, дене белсенділігі, зиянды әрекеттерден (темекі, ішімдік, нашақорлық) бас тарту және психологиялық тұрақтылық.
Дұрыс тамақтану – ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдарды жеткізіп, адамның иммундық жүйесін нығайтады. Күн сайын жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдерін пайдалану – денсаулыққа пайдалы. Сонымен қатар, тәтті, тұзды, майлы тағамдарды шектеген жөн.
Дене белсенділігі – салауатты өмір салтының негізі. Спортпен шұғылдану, күнделікті серуендеу, дене жаттығуларын жасау адамның жүрек-қантамыр жүйесін жақсартады, бұлшық еттерін нығайтады, бойдағы энергияны арттырады. Аптасына кем дегенде үш рет дене белсенділігімен айналысу ұсынылады.
Ұйқы – дененің қалпына келуіне мүмкіндік беретін маңызды фактор. Тәулігіне 7–8 сағат ұйықтау ағза үшін жеткілікті. Ұйқының бұзылуы адамның денсаулығына кері әсер етіп, шаршау, ашушаңдық, ойлау қабілетінің төмендеуіне себеп болады.
Зиянды әдеттерден арылу – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің басты шарты. Темекі шегу, ішімдік ішу және нашақорлық – ағзаны уландырып, ауыр дерттердің пайда болуына себеп болады. Осы әдеттерден бас тарту арқылы адам өз өмірін сақтап қана қоймай, айналасындағы адамдарға да үлгі бола алады.
Психологиялық жай-күй де маңызды. Стресске қарсы тұру, жақсы көңіл-күйде жүру, отбасымен, достарымен қарым-қатынасты дұрыс орнату – жан мен тән саулығына тікелей әсер етеді.
Салауатты өмір салтын ұстану – әр адамның өз қолында. Бұл – тек өз денсаулығын сақтау ғана емес, қоғамға пайдалы, белсенді, өмірге құштар азамат болудың жолы. Ендеше, әр күнді пайдалы әрекетпен өткізіп, өзімізге және болашақ ұрпаққа үлгі болайық.
