
Мектеппен қоштасу — әрбір түлектің өміріндегі ерекше, толғанысты сәттердің бірі. Бұл – он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастармен, бағыт-бағдар берген ұстаздармен, қимас мектеппен қоштасу ғана емес, болашаққа бастар үлкен өмір жолына қадам басу сәті. Біздің мектеппен қоштасу рәсімі де керемет, есте қаларлықтай өтті.
Рәсім салтанатты түрде мектеп ауласында ұйымдастырылды. Ата-аналар, ұстаздар, оқушылар мен қонақтар жиналған бұл шара ерекше толқыныс пен қуанышқа толы болды.
Салтанатты жиында түлектер ән шырқап, әсерлі өлеңдер оқыды. Кейбір түлектер мектеп қабырғасындағы қызықты оқиғаларын бөлісіп, көрермендердің көңілін толқытты. Әсіресе сынып жетекшімізбен қоштасу сәті бәріміздің жанымызға ерекше әсер етті.
Мектеппен қоштасу кешінде естелік видеолар көрсетіліп, өткен жылдардағы суреттер мен сәттер еске алынды. Бұл түлектерге қаншама жыл бойы бірге болған достарымен, ұжыммен, мектеппен байланыстарының қаншалықты терең екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әр түлекке мектеп атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, арнайы дипломдар мен алғыс хаттар берілді.Биылғы оқу жылында 831 шәкірт білім алса, 36 бітіруші түлектер алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұр. Түлектердің ішінде 3 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Салтанатты жиын барысында бітіруші түлектер өз лебіздерін білдіріп, ұстаздарға, достарына арнауларын тарту етті.
Мерекелік концертпен жалғасқан кеш думанды әрі әсерлі болды. Би биленіп, ән айтылды, көңіл көтерілді. Бірақ жүректің бір түкпірінде қимастық сезімі мен белгісіз болашаққа деген қобалжу да қатар жүргендей көрінді.
Осы сәт — балалықтың соңғы күні, алда үлкен өмір күтіп тұр. Әртүрлі жолмен кетсе де, мектептегі естеліктер, сыныптастармен өткізген сәттер жүректерінде мәңгі сақталады. Мектеппен қоштасу — бұл қоштасу емес, жаңа өмірге ашылған есік.
Салтанатты сәт қоңырау үнінің сыңғырлауымен қорытындыланып, оқушылар үшін жарқын болашаққа жол ашылды.
Барша түлектерге сәттілік, асқақ арман мен биік белес тілейміз!
