
Трамадол — күшті ауырсынуды басатын дәрі. Ол алғашында тек медициналық мақсатта қолданылғанымен, кейін кейбір адамдар оны есірткі ретінде пайдалана бастады. Себебі трамадол мидың ауырсынуды сезінуіне жауап беретін жүйелеріне әсер етіп, уақытша рахат сезімін тудырады. Бірақ бұл сезімге тәуелділік пайда болып, адам оны қайта-қайта қабылдауға мәжбүр болады.
Трамадолды жүйесіз, дәрігер кеңесінсіз қолдану өте қауіпті. Ол адамның психикасына, жүрек-қан тамыр жүйесіне, жүйке жүйесіне зиян келтіреді. Тыныс алуды баяулатып, ұйқышылдық, естен тану, құсу секілді ауыр белгілерге әкеледі. Уақыт өте келе бауыр, бүйрек жұмысы бұзылады. Ең қауіптісі — адам бұл дәріге тәуелді болып, одан бас тарта алмай қалады. Бұл есірткіге тәуелділікпен бірдей.
Нашақорлық — тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның қасіреті. Нашаны бір рет қолдану адамның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді. Ол отбасы, достар, оқу, жұмыс секілді маңызды дүниелерден алыстатады. Адам өзіне де, өзгелерге де қауіпті бола бастайды. Қоғамнан шеттетіліп, қылмысқа, зорлық-зомбылыққа бейім болуы мүмкін.
Нашақорлықтан құтылу оңай емес. Ол үшін адамның ішкі жігері, жақындарының қолдауы және мамандардың көмегі қажет. Ең бастысы — бұл жолға мүлдем түспеу. Әр адам денсаулығын бағалап, зиянды заттардан аулақ болуға тиіс.
Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану, пайдалы іспен айналысу — нашақорлықтың алдын алатын тиімді жол. Жастардың санасына ерте бастан нашаның зиянын түсіндіру маңызды. Есірткі ешқашан проблеманың шешімі емес, ол — өмірді құрдымға апаратын жол.
