Бүгін Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашыларының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Домбырасыз ән қайда?» атты музыкалық кеш өтті. Шара барысында ұлттық аспабымыз жайында шежірелі сөздер айтылып , домбырамен оқырмандарымыз күй шертіп, ән шырқады.
Қазақ халқының жүрегінен орын алған киелі мұралардың бірі – домбыра. «Домбырасыз қазақ, қазақ емес» деген нақыл сөз тегін айтылмаған. Бұл тек аспапқа деген сүйіспеншілік қана емес, ұлттың рухани болмысын, мәдени келбетін, өткенін, бүгінін, болашағын айқындайтын ұлы ұстаным. Домбыра – қазақтың жан серігі, тарихы мен тағдыры, елдіктің белгісі.
Домбыраның үні – даланың сарыны, ұлттың үні. Әрбір шертпесімен ол сан ғасырлық шежірені сөйлетіп, халықтың мұңын да, қуанышын да жеткізе алады. Күй – халқымыздың ішкі жан дүниесінің айнасы. Құрманғазының «Сарыарқасы», Дәулеткерейдің «Жігері», Тәттімбеттің «Сылқылдағы» – бір-бір тарихи оқиға, терең мағына, сарқылмас рухани байлық.
Домбыра тек күй тарту құралы емес, ол – тәрбиенің де өзегі. Қазақ шаңырағында баланы бесік жырымен әлдилеп, жастайынан домбыраның үніне үйреткен. Ән мен жырдың, күй мен терменің ортасында өскен ұрпақ нағыз ұлттық рухта қалыптасқан. Бүгінде ұлттық кодымызды сақтаудың бір жолы – домбыраны дәріптеу, оны өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Бүгінгі таңда домбыра жаңғырып, жаңа белеске көтеріліп келеді. Елбасының бастамасымен шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілуі – осының дәлелі. Бұл күн – домбыраның қадір-қасиетін ұғындыруға, жастарға ұлттық өнерді танытуға бағытталған маңызды мереке. Мектептерде домбыра үйірмелері ашылып, жаңа буын шебер күйшілер қалыптасуда.
Сонымен қатар, домбыра – бірлік пен ынтымақтың да нышаны. Бір мезетте мыңдаған адамның домбырамен күй шертіп, әлемге қазақтың өнерін паш етуі – ұлт рухының асқақтығын көрсетеді. Бұл – тек өнер ғана емес, жүректен шыққан үннің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы.
Қорыта айтқанда, домбыра – қазақтың жаны. Домбырасыз қазақты елестету мүмкін емес. Сондықтан оны тек ұлттық аспап емес, ұлттың рухани байлығы, баға жетпес мұрасы ретінде қастерлеу – әрбір қазақтың парызы. «Домбырасыз қазақ, қазақ емес» деген сөз – біздің ұлттық болмысымыздың бұлжымас шындығы
