Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы “Салауатты жаз-2025” сауықтыру профилактикалық және оқыту бойынша ашық есік күнін өткізді. Бәйдібек ауданы қарасты «Тау шыңы» жазғы балалар лагеріне ЖТД, офтальмолог, хирург, травматолог, стоматолог,гинеколог, невропатолог дәрігерлері жылжымалы медициналық кешен құрамына енгізе отырып, ашық есік күні өткізілді.Жылжымалы медицина – арнайы жабдықталған көлік құралдары арқылы көрсетілетін медициналық қызмет түрі. Мұндай көліктерде алғашқы тексеру жүргізуге, УДЗ, рентген, зертханалық анализдер алуға, тіпті шағын хирургиялық процедуралар жасауға мүмкіндік бар. Бұл әсіресе ауылдық жерде тұратын халық үшін өте пайдалы, себебі оларға жақын маңда мамандандырылған емхана немесе аурухана болмауы мүмкін.
Мұндай қызмет түрі әсіресе эпидемия кездерінде маңызды рөл атқарады. Жылжымалы медициналық орталықтар ауруларды ерте анықтап, оның таралуының алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар, скринингтер мен вакцина егу жұмыстары да осы жылжымалы кешендер арқылы жүзеге асады.
Тағы бір үлкен артықшылығы – уақыт пен шығынды үнемдеу. Ауыл тұрғындарына қалаға барып, кезек күтіп, бірнеше маманға қаралу үшін көп уақыт пен қаражат қажет болады. Ал жылжымалы медициналық топтар ауылға барып, бір күнде бірнеше маманның көмегін ұсынып, қажет болған жағдайда әрі қарай емделуге жолдама береді.
Мұндай медициналық көмек – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан жылжымалы медицинаны дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл – заманауи денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр.
