Ерте піскен бақша өнімдерінің қауіптілігінен сақтаныңыз!Қауын-қарбыздар маусым айынан бастап сатылымға шыға бастады.
Бірақ азаматтар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есте сақтаған жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы.
Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады.
Тағы бір ескертетін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынған дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді.
Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек.
Артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн.Нитрат – ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын тыңайтқыш құрамындағы азот қосылысы. Ол өсімдіктердің өсуін жеделдетіп, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Алайда нитраттың шамадан тыс қолданылуы адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Артық нитрат тағамдарда жинақталып, адам ағзасына түскенде нитритке айналады. Бұл зат қан құрамына әсер етіп, оттегінің тасымалдануын қиындатады. Соның салдарынан бас ауруы, әлсіздік, жүрек айну, асқазан аурулары пайда болуы мүмкін. Әсіресе балалар мен қарттар нитратқа сезімтал келеді. Нитрат көбіне көкөністер мен жемістерде кездеседі. Қауіпсіз болу үшін оларды жақсылап жуу, салып қайнату немесе дұрыс сақтау маңызды. Ең дұрысы – органикалық өнімдерді тұтыну. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында тыңайтқышты мөлшермен пайдалану – қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғаудың басты жолы.
