
Кентау қаласы білім бөліміне қарасты Ә.Молдағұлова атындағы 19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде «Діни экстремизмнің алдын алу және ұлттық құндылықтарды насихаттау» тақырыбында жасөспірімдермен кездесу өтілді.Кездесуге Кентау қалалық «Жастар орталығы» заңгер маманы Б.Шокиров,қалалық ішкі саясат бөлімінің «Кентау қалалық Руханият орталығы» теолог маманы Ұлықбекқожа Әлиасқарұлы,Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» Кентау қалалық филиалының басшысы Б.Ш.Әмірбаев қатысты.Бірлескен іс шарада кереғар діни ағымдардың алдын алу,діни алауыздықтың зардабы,оның кері әсері түсіндірілді.Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы буллинг,кибербуллинг,бала қауіпсіздігі,ұлттық құндылықтар туралы мәселелер қозғалды.Тақырыпқа сәйкес бейнебаяндар көрсетілді.Бос уақытта спортпен шұғылдану,үйірмелерге қатысу,сапалы мен,саналы тәрбие алуға бағыт-бағдар берілді.
Діни экстремизм – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ол – дінді дұрыс түсінбеуден, діни қағидаларды бұрмалап, оны саяси немесе басқа да мақсаттарға пайдаланудан туындайтын қауіпті құбылыс. Экстремизм жалпы алғанда шектен шығушылық, төзімсіздік, өзгелердің пікірін қабылдамау дегенді білдіреді. Ал діни экстремизм – дін атын жамылып, қоғамда алауыздық тудыру, күш қолдану, мемлекет заңдарын мойындамау және радикалды идеяларды тарату болып табылады.
Діни экстремизмнің негізгі белгілері – басқа дін өкілдеріне, өзге ой-пікірдегі адамдарға өшпенділікпен қарау, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді бұзу, жастарды жалған ұрандармен өз қатарларына тарту. Мұндай әрекеттер елдің бірлігін әлсіретіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Экстремистік ұйымдар көбіне әлеуметтік желілер арқылы жастардың санасын улап, оларға жалған уәде береді. Сондықтан діни сауаттылықтың болмауы, құқықтық білімнің жеткіліксіздігі экстремизмге ілесудің басты себептері болып саналады.
Онымен күресу үшін ең алдымен халықтың діни сауатын арттыру, жастарға дұрыс тәрбие беру, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу қажет. Қазақстанда дін бостандығы заңмен қорғалған, бірақ ешбір діннің атын жамылып қоғамға іріткі салуға рұқсат жоқ. Сондықтан әрбір азамат дінді дұрыс түсініп, заңды құрметтеп, бейбіт өмірді сақтауға атсалысуы тиіс.
Қорытындылай келе, діни экстремизм – тек мемлекетке ғана емес, әрбір отбасы мен жеке адамға қауіп төндіретін құбылыс. Оған қарсы күрес – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
