Кентау қаласының білім бөліміне қарасты мемлекеттік және жекеменшік мектептерде “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру тәжірибесі» тақырыбында облыстық оқыту семинары өтті.Семинар жұмысына мектеп директорлары, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары және сынып жетекшілер, аға вожатыйлар, педагог ұйымдастырушылар қатысты.
Оқыту семинарын облыстық білім басқармасы “Білім беруді дамыту орталығының” “Тәрбие және әлеуметтік педагогика” бөлімінің меңгерушісі Примбетова Шарипа Құдайбергенқызы жүргізді.
Жиын барысында ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен бекітілген “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы атауы өзгеріп, 2025-2026 оқу жылына бекітілгендігі туралы толық түсіндірілді. Әдістемелік нұсқаулық пен жылдық жоспармен таныстырылып, жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, атаулы күндерге тоқталып, олардың тәрбиелік маңызын арттыру жолдары қарастырылды. Шарипа Құдайбергенқызы өзгерістерді жіті қадағалап, оқу жылы бойы жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды.
Мұндай семинарлар өскелең ұрпақтың бойына адалдық, әділдік, жауапкершілік құндылықтарын сіңіруге және білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын бірізді жүзеге асыруға ықпал етеді.
