Республикалық чемпионатта жедел жәрдем бригадалары өз шеберлігін көрсетті .
2025 жылдың 17 қыркүйегінде Ақтау қаласында бастау алған Халықаралық жедел медициналық жәрдем бригадаларының қатысуымен өтетін республикалық чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен үздік құтқарушылар мен фельдшерлер жиналды.
Чемпионаттың алғашқы күнінен-ақ бригадалар жоғары дайындықтарын паш етіп, кәсіби шеберліктерін айқын көрсете білді. Әрбір кезеңде қатысушылар нақты жағдайда әрекет еткендей, барынша жылдам әрі үйлесімді жұмыс атқарып, шұғыл шешім қабылдаудағы біліктіліктерін байқатты.
Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бригадалары да бұл сынға белсене қатысып, алғашқы сәтінен-ақ ерекше ықыласпен, жауапкершілікпен өнер көрсетуде.
Бұл чемпионат – тек жарыс қана емес, сонымен қатар мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа әдістерді үйренуіне және жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болып отыр.Жедел медицина — бұл адамның өміріне қауіп төнген сәтте шұғыл түрде көрсетілетін медициналық көмек түрі. Оның басты мақсаты — жарақат, улану, жүрек тоқтауы, инсульт, инфаркт сияқты ауыр жағдайларда науқастың өмірін сақтап қалу және денсаулығына келетін зиянды барынша азайту. Жедел медициналық көмек әртүрлі деңгейде көрсетіледі: оқиға орнында, жедел жәрдем көлігінде және аурухананың қабылдау бөлімінде.
Жедел медицина қызметі тәулік бойы жұмыс істейді және кез келген жағдайда адамдарға көмектесуге дайын. Бұл салада жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшерлер жоғары жылдамдықпен шешім қабылдап, дәл әрі тиімді көмек көрсетуі тиіс. Себебі әрбір секунд адамның тағдырын шешуі мүмкін.
Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 103 нөмірі арқылы шақырылады. Қызмет тегін көрсетіледі және азаматтардың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамай қабылданады.
Жедел медицинаның маңызы зор, өйткені ол қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Уақытылы көрсетілген алғашқы көмек адам өмірін сақтап қана қоймай, оның тезірек сауығып кетуіне де мүмкіндік береді. Сондықтан әр адам жедел жәрдем қызметін дұрыс шақыру ережесін білуі және қарапайым алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі қажет.