Балалардағы қызылша — әлі де өзекті инфекция!Балаларға қызылшаға қарсы екпе Ұлттық егу күнтізбесіне сай алынады.Қызылша — бұл вирустық жұқпалы ауру, оны қызылша вирусы (Morbillivirus) тудырады. Ол негізінен ауа-тамшы арқылы жұғады, яғни науқас адам түшкіргенде, жөтелгенде немесе сөйлескенде ауаға тараған вирус сау адамның тыныс алу жолдарына түседі. Қызылша өте жұқпалы аурулардың бірі, яғни егер адам бұрын ауырмаған немесе екпе алмаған болса, вируспен байланысқан жағдайда жұқтыру ықтималдығы 90 пайызға дейін жетеді.
Аурудың жасырын кезеңі әдетте 7–14 күнге созылады. Осы уақыт аралығында адам өзін жақсы сезінуі мүмкін, бірақ вирус денеде көбейіп, ауру белгілері біртіндеп байқала бастайды. Алғашқы белгілер суық тиюге ұқсас: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, мұрын бітелу, жөтел және көздің қызарып, жасаурауы. 2–3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында ұсақ ақшыл дақтар (Коплик дақтары) пайда болады — бұл қызылшаға тән ерекше белгі.
Бірнеше күннен соң денеде бөртпе шыға бастайды. Алдымен бөртпелер бет пен мойыннан басталып, кейін бүкіл денеге тарайды. Бөртпе қалың, қызыл түсті және бірігіп кетуі мүмкін. 4–5 күн өткен соң бөртпе біртіндеп тартып, тері түлей бастайды.
Қызылша қауіпті асқынулар тудыруы мүмкін: пневмония (өкпе қабынуы), отит (құлақ қабынуы), ларингит, энцефалит (ми қабынуы) және кей жағдайларда көру қабілетінің нашарлауына әкеледі. Бұл әсіресе жас балалар мен иммунитеті әлсіз адамдарда жиі кездеседі. Сондықтан ауруды жеңіл қарауға болмайды.
Қызылшаның нақты емі жоқ, емдеу көбіне симптоматикалық сипатта жүргізіледі: науқасқа көп сұйықтық беру, төсек режимін сақтау, қызуды түсіретін және қабынуға қарсы дәрілер қолдану, көзді және мұрынды тазалау. Ең бастысы — дәрігердің нұсқауын қатаң орындау.
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе Қазақстанда ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген: балаларға алғашқы доза 12 айда, ал қайта егілетін доза 6 жаста жасалады. Бұл екпе тек қызылшадан ғана емес, қызамық және паротит (шошымалы без ауруы) секілді аурулардан да қорғайды.
Қоғамдық денсаулық үшін вакцинацияның маңызы зор, өйткені ұжымдық иммунитет қалыптасқанда вирус таралуы тежеледі. Сондықтан әр ата-ана өз баласының уақтылы екпе алуын қадағалауы қажет. Қызылша — алдын алуға болатын, бірақ елемесе қауіпті салдар тудыратын инфекциялық ауру.
