
ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ: «МАҒАН НАҚТЫ НӘТИЖЕ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ РИЗАШЫЛЫҒЫ ҚАЖЕТ».
Бүгінгі қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар қаралды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ұлан Жамбылұлының мәліметінше, бүгінде қала бойынша 22 бағытта 204 автобус тұрақты түрде қатынайды. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 20,3 миллион жолаушы тасымалданған. Оның 82,7 пайызы электронды төлем жүйесін, ал 17,3 пайызы қолма-қол төлем тәсілін пайдаланған.
Қаладағы қоғамдық көлік паркін кезең-кезеңімен жаңарту жалғасуда. Биылғы жылы 16 жаңа жоғары сыйымдылықтағы автобус алынған болса, 2026 жылы ұзындығы 10 метр, сыйымдылығы 75–90 адамға дейінгі автобустар сатып алу жоспарланып отыр.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 1 965 жол белгісін орнату көзделіп, оның 667 данасы бүгінде қойылған. 53 орында жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары басталған.
Сондай-ақ, биыл 28 мың шаршы метр жаяу жүргінші өтпелі жаңартылып, 60 негізгі көшені қамтитын 300 шақырым жол сызықтары сызылды. Қала аумағындағы 93 бағдаршам нысанының алтауы жаңартылып, екеуі жаңадан орнатылды. Жыл соңына дейін тағы бес орында бағдаршам қою жоспарланған.
Жарықтандыру жүйесі де жаңарып келеді. Қала бойынша 38 430 жарық шам орнатылған, 936 көше жарықтандырылған. Жыл басынан бері 1 737 жарық шам ауыстырылып, қосымша 263 шам қорда сақтаулы тұр.
Мәжіліс барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы:
– «Бүгінгі жиында қаралған екі негізгі бағыт – халықтың әл-ауқаты мен жол инфрақұрылымы – қаламыздың даму көрсеткіші. “Жұмыс істеп жатырмыз” деген жауап жеткіліксіз. Маған нақты нәтиже мен тұрғындардың ризашылығы қажет. Ең алдымен тұрғындардың өтініштері ескерілуі керек. Халыққа қолайлы жағдай жасағандарыңыз –жұмыстарыңыздың нәтижесі саналады», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, қала басшысы барлық бөлімдерге берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды, орындаушылық тәртіп пен жеке жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
