
ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» АУДАНДЫҚ ЕМХАНАДА ЖЫЛЫ ІЛТИПАТПЕН АТАЛЫП ӨТТІ.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Созақ аудандық орталық емханасында ардагерлер қауымына арналған «Ашық есік күні» өтті. Ізгі шараның басты мақсаты – ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, оларға қамқорлық танытып, денсаулықтарына көңіл бөлу болды.
Шара шымылдығы ардагерлер мен қонақтардың құрметіне арналған әсерлі концерттік бағдарламамен ашылды. Жергілікті өнерпаздар әсем ән мен күйлерден шашу шашып, ақ жаулықты аналар мен абыз ақсақалдардың көңілін бір серпілтіп тастады. Әрбір әуен мен әр жолдан ардагерлерге деген риясыз алғыс пен шынайы ілтипат көрініс тапты.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және денсаулық сақтау саласының ардагер мамандары арнайы қатысып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Қонақтар өз сөздерінде ардагерлерге ұзақ ғұмыр, сарқылмас күш-қуат пен мықты денсаулық тіледі.
Концерттік бағдарламадан соң ардагерлер медициналық тексеруден өтіп, түрлі салалық мамандардың кеңесін алды. Қан қысымы мен қант мөлшері тексеріліп, терапевт, кардиолог, офтальмолог сияқты бейінді дәрігерлер қабылдау жүргізді. Қажет болған жағдайда зертханалық-диагностикалық тексерулер де ұйымдастырылды. Бұл – ардагерлердің денсаулығына шынайы жанашырлық пен кәсіби көзқарастың айғағы болды.
«Ашық есік күні» – тек медициналық көмек көрсету ғана емес, үлкендердің жүрегіне жылулық ұялатып, оларды қадірлеудің нақты көрінісі ретінде өтті. Қариялар өздеріне көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, осындай игі шаралардың жалғасын табуына тілектестік танытты.
