
ҚАЛА ӘКІМІ АБАТТАНДЫРУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы алдағы уақытта жүзеге асырылуы жоспарланған құрылыс, абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалардың дайындығымен танысу мақсатында бірқатар нысандарды аралады.
Нысандарды аралау барысында қала басшысы жобалардың бастапқы ұсыныстарын қарап, тұрғындардың пікірін тыңдады.
Алдымен Әзімбек Пазылбекұлы М.Пошанов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға арналған жоба ұсынысымен танысты. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аула аумағын әрлеу, құрылыс жұмыстарын қажет ететін бөліктері мен жарықтандыру, балалар ойын алаңын жаңарту және көгалдандыруды күшейту мәселелерін қарады. Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді ескерген толыққанды жоба әзірлеуді, сондай-ақ аула қауіпсіздігі мен функционалдығын басты назарға алуды тапсырды.
Сондай-ақ, қала басшысы Усманов көшесіне аллея аумағын қарап, демалыс аймағы тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және қала сәулетіне сай болуы керектігін атап өтті. Жауапты мамандарға біртұтас концепциясын әзірлеуді және қажетті техникалық құжаттамаларды дайындауды жүктеді.
Аралау барысында сонымен қатар қала басшысы Кентау тас жолы бойына веложол салу бойынша ұсыныспен танысты. Веложол салу – қаладағы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындар үшін жаңа қауіпсіз бағыт қалыптастыруға бағытталған бастама екенін атап өткен қала басшысы жауапты мамандарға қажетті инфрақұрылым мүмкіндіктерін және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жоба әзірлеуді тапсырды.
Бүгінде қала аумағын көгалдандыруды қамтамасыз ететін арнайы тұқымбақ жұмыс жасауда. Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған арнайы жылыжайлар қарастырылған. Бұл жылыжайларда көшеттердің өсуіне қажетті агротехникалық талаптар сақталып, жыл он екі ай бойы үздіксіз өсіру үрдісі жүргізіледі. Өскіндер белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін қала көшелеріне, саябақтар мен аллеяларға отырғызылып, абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады.
Нысандарды аралаған қала басшысы барлық ұсынылған жобалардың сапалы жоспарланып, талапқа сай, тұрғындар үшін қолайлы орындалуы қажет екенін, сондай-ақ, әзірленген жобаларды қоғаммен талқылау мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.
