Телеарнаның хабарлауынша, кеше елде 2 миллион бала бір мезгілде асық ойнаған. Оны бүгін алыстағы түрік ағайындар да қолдапты. Қолдап қана қоймай өздері де асық ойнапты. Анкарадағы оқу орнында бүлдіршіндер асық атып, қазақтың ұлттық ойынын дәріптеген.
Түрік жерінде асық ойынын насихаттап жүргендердің бірі — Уфук Тузман. Ол — «Түркия үні» радиосы қазақ редакциясының жүргізушісі. Қазақ тілін жетік меңгерген Уфук бүгінде қазақ халқының ұлттық ойынын Анадолыда дәріптеп жүр.
«Бүгін Қазақстанда асық ойыны күні дегенді естіген соң, осында нен соң, осында кішкентай балалармен бірге осы іс-шараны өткізейік деп жоспарладық. Бәрі жақсы өтті деп бағалаймын. Арамызда асықты алғаш рет ойнап тұрғандары да бар. Дегенмен Қазақстаннан келген 1-2 жігітіміз, ойын ережесін білетін болып шықты. Балалардың барлығы біз берген асықты естелік ретінде өздерінде қалдырды,-дейді.
Атажұртта челлендж басталғанын естіген ол Анкарадағы балабақшалардың бірінде балаларға «Бес табан», «Бес асық», «Сұлтан» ойындарын үйретіп, жарыс өткізді. Мектепке дейінгі мекеме басшысы Аина Тарканның айтуынша, асық жарысы бұл балабақшада алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
«Асық – түркі халықтарының ортақ мұрасы. Өкінішке қарай, жас буын оны біле бермейді. Осы іс-шараны ұйымдастыруымыз да сондықтан»,-дейді.
Балақайлардың ұлттық ойынымызға қызығушылығы бірден байқалған. Бәрі асық ату бәйгесіне белсене қатысып, бір сағатқа жоспарланған жарыс бірнеше сағатқа жалғасқан.
«Анадолыда бала кезінде асық ойнамаған адам кемде-кем. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан бұл ойын бүгінде Ұлттық спорт федерациясының қамқорлығында»,-дейді шараны ұйымдастырушылар.