Кентау қаласы білім бөліміге қарасты Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейде “Мектебім, саған мың алғыс!” тақырыбындағы оқу жылының аяқталуына орай мерекелік салтанатты іс- шара өткізілді.
Мерекелік іс-шараға Кентау қаласының әкімі Тасов Жандос Қалмұрзаұлы, Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету басқармасының бас маманы Бөрібай Сәуле Байсабекқызы, Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Ауелбеков Әділ Арысбайұлы қатысты.
Бүгінгі күн — жас түлек үшін жүректі толқытып, көңілді тебірентер ерекше сәт. Ұстаздар қауымы үшін өз шәкірттерін үлкен өмір жолына шығарып салатын жауапты мезет болса, екінші жағынан түлектер үшін балалықпен қоштасып, болашаққа бет бұратын тарихи күн.
Ең үздіктер қатарында Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицей Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың бастамасымен жасақталған білім саласындағы 20 өлшемшарттан тұратын ұлттық рейтинг көрсеткіші нәтижесі бойынша республикада “ Үздік 100 мектеп” қатарына енді.
Мектеппен қоштасу — әрбір түлек үшін өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Он бір жыл бойы білім алып, достар тауып, ұстаздардан тәрбие алған алтын ұямен қоштасу – қуаныш пен мұңды қатар сыйлайтын сәт. Бұл күн — балалық шақтың артта қалып, үлкен өмірге қадам басудың нышаны. Түлектер үшін соңғы қоңырау үні — жаңа өмірге бастар жолдың алғашқы қадамы.
Түлектердің жүздерінде қуаныш пен қимастық қатар жүреді. Олар мектеп табалдырығын алғаш аттаған күндерін, алғашқы ұстаздарын, партада өткен қызықты сәттерін еске алады. Әр мұғалімнің берген білімі мен тәрбиесі, жылы сөзі жүректерінде мәңгі сақталады. Қоштасу сәтінде әр түлек жүрегінде алғыс сезімімен қатар үміт, армандар, алда күтіп тұрған жаңа белестерге деген сеніммен алға ұмтылады.
Мектеппен қоштасу – бұл қоштасу ғана емес, болашаққа жол ашу. Түлектерге сәт сапар! Білімнің биік шыңына жол ашық болсын!