
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы көп салалы мектеп-гимназиясында өткен тәрбие сағаты
Тілдер мерекесінің он күндігі аясында 4-сынып оқушылары арасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты тәрбиелік шара өткізілді. Шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Каримова Айгүл ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын таныту, балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тілге деген құрмет пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Тәрбие сағаты мазмұнды әрі жан-жақты форматта өтті. Іс-шара барысында:
Оқушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Ұлы ақынның өмірінен сахналық қойылым қойды.
Абай шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.
Абайдың әндерін орындап, көрерменнің көңілінен шықты.
Ақын туралы бейнеролик көрсетілді.
Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында интелектуалды ойындар ойнатылды.
Абай мұрасы – қазақ халқының рухани қазынасының алтын қазығы. Ол өз дәуірінде ақындық, ойшылдық, ағартушылық, аудармашылық арқылы халқына жаңа өркениеттік жол көрсетті. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері тек қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы адамзат мәдениетінің асыл мұрасына айналды. Оның шығармаларында білім мен ғылымға ұмтылу, еңбекқорлық, әділдік, адамгершілік, имандылық секілді құндылықтар терең қамтылған. Абай жастарды жалқаулықтан, надандықтан, көрсеқызарлықтан сақтандырып, оқу-білімге, өнерге, елге адал қызмет етуге шақырды. Ақынның «Қара сөздері» – философиялық ойға толы даналық еңбектер, онда адам болмысы, мінез-құлық, қоғамдағы әділет мәселелері кеңінен қарастырылады. Сонымен қатар, Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов сияқты орыс классиктерін қазақша сөйлетіп, халықты әлемдік әдебиетпен таныстырды. Оның мұрасы – бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, рухани кемелденуге жетелейтін сарқылмас қазына.
Тәрбие сағаты жоғары деңгейде өтті. Балалар өздерінің өнерлерін көрсетіп, Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін білдірді. Сабақ соңында оқушылар түрлі номинациямен марапатталып, дипломдар табысталды. Мұғалімнің ұйымдастыруымен өткен бұл шара жас ұрпақтың рухани дамуына үлкен әсер етіп, Абай мұрасын қадірлеуге баулыды.
