ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫПрезидент тапсырмасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған ауқымды бастама болды. Жастардың техникалық және өндірістік салаға бет бұруын арттыру, жұмыссыздықты төмендету және еңбекке адал көзқарасты қалыптастыру – осы бастаманың басты мақсаттары. Түркістан облысында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бұл жұмыстардың есебі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралды. Облыс басшысы жұмысшы мамандықтар жылында жүзеге асырылып жатқан шаралардың формальды емес, нақты нәтиже беруін қатаң тапсырды. Жұмыс орындарын көбейту, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінде тұр.
Түркістан облыстық білім басқармасы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған 64 бағыт, 138 іс-шарадан тұратын жоспар бекіткен. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін форумдар, көрмелер, жәрмеңкелер, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік бағдар беру, озық колледждердің инфрақұрылымын жетілдіру сынды нақты шаралар қарастырылған. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 47 450 студент 84 түрлі мамандық бойынша білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 15 500 грант бөлінсе, соның ішінде 8 880 грант (61,9%) жұмысшы мамандықтарына берілді. Былтыр колледжді 12 538 түлек бітіріп, соның 75,7%-ы жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алғандардың 79,5%-ы еңбекке араласқан. Биылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі алғашқы екі айда 48% көрсетіп отыр. Дуалды оқыту жүйесіне 36 колледжден 31 779 студент (35%) қатысуда. Студенттер нақты кәсіпорындарда тәжірибе жинап, оқуын бітіре салысымен жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болуда.
Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланысты күшейту үшін Enbek.kz электронды еңбек биржасы белсенді қолданылып келеді. Түркістан облысы бойынша 2 178 бос жұмыс орны тіркелсе, соның 47%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Онлайн оқыту арқылы 5 333 адам қайта даярланып, сертификат алды. 2025 жылы «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орны ашу көзделсе, қыркүйекке дейін 100 807 жұмыс орны ашылып, соның 32 473-і жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында да жоспар артығымен орындалды – 117,8%. Жыл басынан бері 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. 7 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Ашық есік күндері аясында 37 өндіріс орнына 10 мыңға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері барып, өндірісті өз көзімен көрді. Колледждерде бизнес-стартаптар, халықаралық аккредитация және жаңа жатақханалар салу жұмыстары да қолға алынған.
